ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Индустриалды-техникалық колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге баулу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызын түсіндіру.
Кездесуге Қаратау ауданы прокуратурасының аға прокуроры Асқар Тасқынұлы Бұхарбаев, Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Мақсат Ержанұлы Жанысбаев және Жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.
Жиын барысында мамандар жастарға заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, құқық бұзушылықтардың салдары және әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін білуі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар құқықтық жауапкершілік, заңға қайшы әрекеттердің алдын алу және күнделікті өмірде заң нормаларын басшылыққа алудың маңыздылығы айтылды.
Кездесуде қазіргі қоғамда өзекті мәселелердің біріне айналған қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтыққа да ерекше назар аударылды. Мамандар күмәнді қаржылық жобалардың белгілерін, азаматтарды алдау тәсілдерін және жеке деректерді қорғау жолдарын түсіндірді. Әсіресе оңай табыс табуға уәде беретін ұсыныстарға сақтықпен қарау, белгісіз тұлғаларға банк картасының деректерін және SMS-кодтарды бермеу қажеттігі ескертілді.
Бұдан бөлек, онлайн ойындарға тәуелділіктің адам денсаулығы мен психологиялық жағдайына, оқу үлгерімі мен күнделікті өміріне тигізетін кері әсері сөз болды. Жастарға интернетті тиімді пайдалану, бос уақытты пайдалы істерге арнау және цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде кеңестер берілді.
Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.
Осындай кездесулер жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырып, заңға құрметпен қарау, жеке қауіпсіздігін сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне ықпал етеді. Заңды білу – құқықты қорғаудың, ал оны сақтау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.








