ADYM.KZ / Шымкент қаласында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және олардың оңалту мүмкіндіктерін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қалада 2 872 адам арнаулы әлеуметтік қызметтер аясында оңалту шараларымен қамтылды.
Оның ішінде 808 адам стационарлық жағдайда, 618 адам жартылай стационарлық жағдайда, 273 адам уақытша болу жағдайында, ал 1 173 адам үйде қызмет көрсету жағдайында қажетті әлеуметтік қолдау алды. Қызмет көрсету түрлері азаматтардың жеке қажеттіліктері мен жағдайына қарай ұйымдастырылуда.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдаумен қамту ауқымын кеңейту мақсатында қалада бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына қосымша 50 орындық ғимарат салу. Қазіргі уақытта нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде Құрылыс басқармасы тарапынан нысанды қабылдау актісін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес екі жаңа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы құрылды. Қазіргі уақытта «Балауса» №11 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы және №12 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтардың қызметі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды қажетті қызметтермен қамту мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Қалада оңалту инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 150 орынға арналған мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде нысан құрылысының 60 пайызы аяқталған. Жобаны 2026 жылдың желтоқсан айында аяқтап, орталықты пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жаңа орталықтың іске қосылуы мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда азаматтардың қажеттілігіне сәйкес оңалту шараларын ұйымдастыруға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау көзделіп отыр. Мұнда азаматтардың қажеттілігіне сәйкес оңалту шараларын ұйымдастыруға және әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау көзделіп отыр. Сонымен қатар, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және күнделікті тұрмысқа бейімделуіне қолдау көрсетіледі.
Осылайша, Шымкентте арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін дамыту, жаңа нысандар ашу және оңалту инфрақұрылымын кеңейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.








