Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкент қаласында Мәдениет және өнер ұлттық университеті құрылады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жаңа жоғары оқу орнын ашу туралы Үкімет қаулысына қол қойды.
Университет Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің мәдениет және өнер факультеті негізінде құрылмақ. Жаңа білім ордасында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша жоғары білікті мамандар даярланады.
Оқу бағдарламаларында қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие шығармашылық бағыттарға басымдық беріледі. Атап айтқанда, кино және драматургия, кино және теледидар режиссурасы, графика және мультимедиа, медиаменеджмент, операторлық өнер мен дыбыс режиссурасы салалары қамтылады.
Жаңа университетке ерекше мәртебе беріледі. Бұл оның академиялық және ғылыми әлеуетін арттырып, заманауи білім беру бағдарламаларын енгізуге, халықаралық жобаларға қатысуға және шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуға жол ашады. Сонымен қатар білім, ғылым, мәдениет және креативті индустриялар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Университеттің құрылуы еліміздің оңтүстік өңірінде шығармашылық білім беруді дамытуға, мәдениет пен өнер саласына қажетті кәсіби кадрлар даярлауға серпін береді. Сондай-ақ жас таланттардың өз өңірінде сапалы білім алып, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына қолайлы жағдай қалыптастырады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі








