ADYM.KZ / Шымкент қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлерімен құқықтық түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ақпарат беру.
Кездесуге Шымкент қаласы прокуратурасының прокуроры Нұржігіт Ғалымжанұлы қатысып, «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға жол бермеу әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Түсіндіру жұмыстары барысында заң талаптарын бұзудың құқықтық салдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қызметтік әдеп нормаларын сақтау және күнделікті жұмыс барысында заңдылық қағидаттарын басшылыққа алу мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар қызметкерлерінің құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін арттырудың маңыздылығы талқыланды. Әсіресе жастармен жұмыс жүргізу барысында заң талаптарын түсіндіру, құқық бұзушылықтың алдын алу және жас буынның бойында заңға құрмет сезімін қалыптастыру қажеттігіне назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттырудың жолдары, заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда тиісті органдарға жүгіну тәртібі және азаматтардың заңды мүдделерін қорғау тетіктері жөнінде ақпарат берілді.
Жиын соңында орталық қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, прокурордан нақты жауаптар алды. Сондай-ақ тақырып аясында пікір алмасып, құқықтық түсіндіру жұмыстарының маңызын талқылады.
Мұндай кездесулер қызметкерлердің құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.








