ADYM.KZ / Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Қаржы сақшысы» республикалық интеллектуалды ойыны өтті. Ауқымды іс-шараны Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Ойынның ашылу салтанатында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, «Әділет» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жанабайұлы Жоджыхожаев пен қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Мейрамбекұлы Кәрімов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Сапарғалиұлы Қайшыбеков алғы сөз сөйлеп, жастардың қаржылық сауатын арттыру мен құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған сайысқа еліміздің бес өңірінен 1260 қатысушыны біріктірген 126 команда қатысты. Зияткерлік бәсеке барысында жастар қаржылық қауіпсіздік, лудоманияның алдын алу, дропперлікке қарсы іс-қимыл және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша білімдерін сынады. Қатысушылар өзара бәсекеге түсіп, қаржылық тәуекелдерді тану, алаяқтық схемалардан сақтану және заң талаптарын білу бойынша білімдері мен дағдыларын көрсетті.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, бірінші орын иегеріне – 1 миллион теңге, екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға – 300 мың теңге табысталды. Сонымен қатар финалға шыққан 10 командаға 100 мың теңгеден сыйақы берілді. Бұл марапаттар жастардың білімге деген ұмтылысын қолдап, қаржылық қауіпсіздік тақырыбына қызығушылығын арттыруға бағытталған.
«Қаржы сақшысы» интеллектуалды ойыны – жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, алаяқтық әрекеттер мен заңсыз қаржылық схемалардың алдын алуға бағытталған маңызды бастама. Жоба жас буынның қаржылық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты білімін жетілдіріп, қаражатты басқаруда жауапкершілік танытуына және құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай танымдық сайыстар жастардың сыни ойлау қабілетін дамытып, күнделікті өмірде қаржылық шешімдерді сауатты қабылдауына негіз қалайды. Сайыс барысында қатысушылар қаржылық алаяқтықтың алдын алу, лудоманияға қарсы күрес, дропперлік және қаржылық құқық бұзушылықтар бойынша білімдерін сынайды. Жоба жастардың қаржылық жауапкершілігін арттырып, қаражатты сауатты басқаруға және заңсыз қаржылық әрекеттерден сақтануға үйретеді.








