Шымкентте Тіленшин көшесіндегі теміржол үстінен салынған жаңа автокөлік өткелі пайдалануға беріліп, көлік қозғалысы іске қосылды, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нысанның ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары қатысты.
Мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Момынов және Тіленшин көшелеріндегі өткелдердің негізгі құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жобалар қаланың аудандары арасындағы байланысты нығайтуға, көлік қатынасын жақсартуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тіленшин көшесіндегі жаңа өткелдің маңызы ерекше. Себебі бұл учаскеде пойыз қозғалысының қарқындылығы жоғары. Теміржол арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Бұған дейін пойыздардың жүруіне байланысты теміржол өткелі 10–20 минутқа жабылып, көлік кептелісіне себеп болатын. Соның салдарынан жүргізушілер мен жолаушылардың жол жүру уақыты ұзартып, көлік қозғалысына қолайсыздық туындайтын.
Жаңа автокөлік өткелінің іске қосылуы автомобиль және теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысына мүмкіндік береді. Сондай-ақ нысанның пайдалануға берілуі теміржолдан өту кезінде туындайтын кідірістерді азайтып, көлік ағынын реттеуге оң ықпал етеді.
Айта кетейік, Тіленшин көшесіндегі өткел – биыл пайдалануға берілген екінші нысан. Қаңтар айында Момынов көшесіндегі автокөлік өткелі ашылған болатын. Екі жоба да автомобиль жолдары мен теміржол желілері қиылысындағы көлік қатынасын жақсартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары Шымкенттің өсу қарқынына сай жүргізіліп, қаланың барлық ауданындағы тұрғындардың қажеттіліктерін ескеруі тиіс.
Жаңа өткел ашылғаннан кейін оның айналасындағы аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасады. Нысанның іске қосылуы іргелес көшелердегі көлік қозғалысын жақсартып, тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға және теміржол өткеліндегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.








