ADYM.KZ / Шымкент қаласында жастардың діни сауаттылығын арттыру, діни ақпаратты дұрыс қабылдау және теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шара барысында діннің қоғамдағы орны, діни сауаттылықтың маңызы және жастардың діни мәселелерге қатысты ақпаратты дұрыс ажырата білуі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға дін мәселелеріне қатысты жан-жақты әрі объективті ақпарат беріп, олардың діни сауатын арттыруға ықпал ету.
Кездесуге Шымкент қаласының дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлімінің маманы Сымбат Сейітхан қатысып, жастармен пікір алмасты.
Маман жастарға діни ақпаратты қабылдау кезінде оның қайнар көзіне назар аударудың маңызын түсіндірді. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын кез келген ақпаратты бірден қабылдамай, оның мазмұнын саралап, ресми және сенімді дереккөздерге жүгіну қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар жастарға діни сауаттылықтың адамның жеке көзқарасын қалыптастырудағы және қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтудағы маңызы түсіндірілді. Дін мәселесінде сауатты болу адамның түрлі ақпараттың арасынан дұрысын ажыратып, жалған немесе бұрмаланған мәліметтердің ықпалына түспеуіне мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Кездесу барысында теріс діни ағымдардың белгілері, олардың жастарға ықпал ету тәсілдері және мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары жөнінде де ақпарат берілді. Мамандар күмәнді діни мазмұндағы ақпаратқа сақтықпен қарап, түсініксіз мәселелер туындаған жағдайда дінтану саласындағы білікті мамандардан кеңес алуға шақырды.
Сондай-ақ іс-шарада жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, әлеуметтік желілерді жауапкершілікпен пайдалану және ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне мән беру қажеттігіне назар аударылды.
Мұндай түсіндіру кездесулері жастардың діни сауатын арттырып қана қоймай, олардың ақпаратты сараптап қабылдауына, түрлі көзқарастарға құрметпен қарауына және қоғамдағы тұрақтылық пен келісім құндылықтарын түсінуіне ықпал етеді.
Діни сауаттылықты арттыру бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастар арасында алдағы уақытта да жалғасын табады.








