ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Жоба аясында қала мектептерінің оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда, №12 М. Горький атындағы жалпы орта білім беретін мектепте, №30 О. Жандосов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте, №44 Б. Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектепте және №20 Титов атындағы мектеп-гимназиясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесулерде спикер Ақан Сәбитұлы Бесбаев оқушыларға мамандық таңдаудың жауапкершілігі мен маңызы туралы айтып, еңбек нарығындағы сұранысқа ие бағыттар жөнінде ақпарат берді. Сондай-ақ болашақ кәсіби жолды жоспарлау, жеке қабілеттерді дамыту және алға қойған мақсаттарға жету жолдары түсіндірілді.
Мамандық таңдауда оқушының қызығушылығы мен бейімділігін ескеру маңызды. Осыған орай кездесулер барысында жастарға өз қабілетін бағалау, түрлі кәсіптер туралы ақпарат жинау және саналы шешім қабылдау қажеттігі айтылды. Кәсіби бағытты ерте айқындау білім алу мен болашақ еңбек жолын жоспарлауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Сонымен қатар еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу, сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыру және үздіксіз білім алудың маңызына назар аударылды. Қазіргі кезеңде кәсіби біліммен қатар, жауапкершілік, бастамашылдық, қарым-қатынас орнату және жаңа технологияларды меңгеру қабілеті де маңызды екені түсіндірілді.
Кәсіби бағдар беру жұмыстары оқушылардың болашақ мамандығына қатысты түсінігін кеңейтіп, еңбек жолын саналы жоспарлауына ықпал етеді. Жоба аясындағы кездесулер жас буынның кәсіби әлеуетін ашуға, еңбек нарығына бейімделуіне және болашақта өз орнын табуына бағытталған.








