ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Индустриалды-техникалық колледж студенттеріне арналған «Этносаясатты түсіндіру және деструктивті діни ағымдардың зияндылығын насихаттау» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың этносаясат, діни сауаттылық және зайырлы қоғам құндылықтары жөніндегі түсінігін кеңейту. Сондай-ақ студенттерге деструктивті діни ағымдардың ықпалы мен олардың алдын алу жолдарын түсіндіру көзделді.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Құрманғазы Лаура, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің бас маманы Елбек Тасболатұлы Хожамұратов, Шымкент қаласы орталық мешітінің наиб имамы Мұсабек Ақтамберді, Шымкент қаласы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Сейітхан Сымбат Ержанқызы және Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің сарапшысы Абдукаримов Нұржан қатысты.
Кездесу барысында мамандар жастарға діни ақпаратты дұрыс қабылдау, күмәнді діни уағыздар мен материалдарға сыни көзқараспен қарау және түрлі кереғар ағымдардың ықпалына түспеу жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар діни сауаттылықты арттырудың, ақпарат көздерін саралай білудің және мәселелер бойынша білікті мамандарға жүгінудің маңыздылығы айтылды.
Этносаясат тақырыбы аясында қоғамдағы этносаралық келісім мен өзара құрметтің мәніне назар аударылды. Қоғамдық тұрақтылықты сақтау, түрлі этнос өкілдері арасындағы татулықты нығайту және ортақ құндылықтарды құрметтеу мәселелері қозғалды. Мамандар зайырлы қоғам қағидаттарын түсіну мен азаматтық жауапкершіліктің де маңызын атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Еркін пікір алмасу жастарға тақырып бойынша білімдерін толықтырып, өзекті мәселелерді жан-жақты түсінуге мүмкіндік берді.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың діни және құқықтық сауаттылығын арттыруға, қоғамдағы келісім мен тұрақтылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жас буынның ақпараттық ортада саналы таңдау жасап, түрлі теріс ықпалдарға қарсы тұра білуіне ықпал етеді.








