ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Шымкент мамандандырылған колледжінде «Өз таңдауың – өз болашағың» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және жеке деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру.
Кездесу барысында мамандар қазіргі таңда кең таралған интернет-алаяқтық түрлеріне тоқталып, азаматтардың сеніміне кіру арқылы ақша жымқырудың жиі кездесетін тәсілдері туралы түсіндірді. Атап айтқанда, жалған хабарламалар мен сілтемелерге өту, күмәнді қоңырауларға сену, банк қызметкері ретінде таныстырған адамдарға жеке мәліметтерді беру секілді әрекеттердің қауіптілігі айтылды.
Қатысушыларға банк картасының деректерін, құпиясөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ белгісіз сілтемелерді ашпау, күмәнді хабарламаларға жауап бермеу, қаржылық операциялар кезінде мұқият болу және жеке ақпараттың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау жөнінде кеңестер берілді.
Кездесуде «дропперлік» мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар дропперлік дегеніміз – өз банк шотын немесе төлем картасын басқа адамдардың пайдалануына беру арқылы күмәнді қаржылық операцияларға қатысу екенін түсіндірді. Мұндай ұсыныстар бастапқыда оңай табыс табудың жолы болып көрінуі мүмкін. Алайда оның соңы қаржылық шығынға, банк шоттарының бұғатталуына және заң алдындағы жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Сондықтан жастарға бейтаныс адамдардың өтінішімен ақша аудармау, өз шоттары арқылы бөгде қаражатты өткізуден бас тарту қажеттігі айтылды.
Іс-шараға «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологиялық көмек көрсету бөлімінің психолог маманы Сайдахан Жібек және Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бекбаев Бахытжан Тұрсынбаевич қатысты.
Мамандар жастардың сұрақтарына жауап беріп, интернет кеңістігінде қауіпсіз әрекет ету мен қаржылық шешім қабылдау кезінде сақтық танытудың маңызын атап өтті. Кездесу соңында қатысушыларға кез келген күмәнді ұсынысты мұқият саралап, жеке деректерін қорғау және өз әрекеттерінің салдарын алдын ала бағалау қажеттігі ескертілді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.








