ADYM.KZ / Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің акт залында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кітапта қамтылған қоғамдық маңызы зор мәселелерді талқылау, әділеттілік пен азаматтық жауапкершіліктің мәнін ашу, білім мен тәрбиенің қоғам дамуындағы рөліне назар аудару және жастардың ел болашағына қатысты ой-пікірлерін ортаға салу.
Кездесуге университеттің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушы жастар және Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Басқосу барысында кітапта көтерілген мәселелердің бүгінгі қоғам үшін өзектілігіне тоқталып, оның мазмұнына қатысты түрлі пікірлер ортаға салынды.
Іс-шарада Филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бектай Қожахметов, Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман, Тарих, құқық және бизнес кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Қанатбек Бердалыұлы Кемелбеков, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Шымырбай Жақсыбайұлы Нартбаев және Ақпараттық білім беру орталығының меңгерушісі Клара Сырлыбайқызы Султанбекова баяндама жасап, кітапта қамтылған мәселелер бойынша өз ойларын білдірді.
Баяндамалар барысында қоғамдағы әділеттілік пен жауапкершілік, азаматтық ұстаным, білім мен тәрбие, ақпараттық мәдениет және жастардың қоғамдық үдерістердегі орны кеңінен сөз болды.
Қатысушылар әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі – әр азаматтың өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарауы екенін атап өтті. Қоғамдағы өзара құрмет, заң талаптарын сақтау, адал еңбек ету және ортақ іске үлес қосу секілді құндылықтардың маңызы талқыланды.
Кездесуде білім мен тәрбие мәселесіне де ерекше назар аударылды. Университет өкілдері жастардың сапалы білім алуымен қатар, олардың бойында азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық, адамгершілік және қоғамдық белсенділік қасиеттерін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Ақпараттық мәдениет тақырыбы да басқосудың маңызды бағыттарының бірі болды. Қазіргі цифрлық кеңістікте ақпаратты дұрыс қабылдау, дереккөздерді саралау, жалған ақпараттан сақтану және ақпаратты жауапкершілікпен пайдалану қажеттігі сөз етілді.
Жастардың қоғам дамуындағы рөліне қатысты пікірлер де ортаға салынды. Қатысушылар жас буынның білімге ұмтылысы, жаңа идеяларға ашықтығы, қоғамдық бастамаларға араласуы және елдің дамуына өз үлесін қосуға деген ұмтылысы маңызды екенін атап өтті.
Кітапты талқылау барысында оқырманның жеке пайымы мен қоғамдық мәселелерді саралай білуінің маңызына да көңіл бөлінді. Мұндай кездесулер студенттерге кітап мазмұнын тыңдап қана қоймай, көтерілген мәселелерге қатысты өз көзқарасын қалыптастыруға және пікір алмасу мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.








