ADYM.KZ / Шымкентте қоғамдық орындарды ластауға және қоқысты белгіленбеген жерлерге тастауға қарсы жүйелі күрес күшейтілді. Қалалық қызметтер мен Полиция департаментінің бірлескен жұмысы аясында көшеге темекі тұқылын лақтыратын, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген аумақтарға төгетін азаматтарды анықтау бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде. Әрбір құқық бұзушылыққа қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Бұл жұмыстар тек жазалаумен шектелмей, халық арасында түсіндіру және профилактикалық іс-шаралармен ұштасып жатыр.
Аталмыш бастамалар мемлекеттік деңгейдегі «Заң мен Тәртіп» қағидаты және жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясының негізгі міндеттерімен тікелей үндеседі. Мақсат — аумақтарды уақытша тазартып қою емес, қоғамда қоршаған ортаға ұқыпты қараудың берік мәдениетін қалыптастыру. Қаладағы тазалық пен эстетикалық келбетті тек коммуналдық қызметкерлердің күндіз-түні төккен терімен ғана сақтап қалу мүмкін емес екенін түсінетін уақыт жетті.
Әсіресе, бұл үрдісте жастардың қала мәдениеті (урбанистикалық мәдениет) басты рөл атқарады. Қазіргі таңдағы прогрессивті жастар үшін тазалық — бұл тренд. Көшеде қоқыс тастамау, экологиялық сананы қалыптастыру және ортақ инфрақұрылымға жанашырлықпен қарау заманауи жастардың басты құндылықтарының біріне айналып келеді. Қала жастары осы мәселеге қатысты өз көзқарастарын ашық білдіруде:
«Қазіргі қала мәдениеті — бұл тек әдемі киініп, сәнді кофеханаларда отыру емес. Нағыз мәдениет өзіңнен қалған қоқысты жәшікке дейін апарудан, өзгелердің еңбегін сыйлаудан басталады. Көшеге темекі тұқылын немесе бос бөтелкені лақтыра салу – қазіргі жастар үшін өте ұят, мәдениетсіздіктің, артта қалғандықтың белгісі деп есептеймін. Біз өркениетті ортада өмір сүргіміз келсе, ең алдымен экологиялық әдеттерімізді түзеуіміз керек», — дейді қала тұрғыны, студент Алина.
Ал жас маман, еріктілер қозғалысының мүшесі Дархан Аманжанов заңның қатаңдатылуын толық қолдайтынын жеткізді: «Коммуналдық қызметкерлер таңсәріден қаланы тазалайды, бірақ «тазалаған жер емес, шашпаған жер таза» деген жақсы сөз бар. Полицияның қатаң айыппұл салып, бақылауды күшейткені өте орынды. Әр адам өз ауласына, саябақтағы орындығына жанашырлықпен қараса, «Таза Қазақстан» жай ғана ұран емес, өмір салтына айналады. Қоқысты кез келген жерге тастай салатын адамдар қаланың дамуын тежейді».
Таза қала — әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатын үлкен жол. Құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғаса береді. Сондықтан әрбір тұрғын мен қала қонағы абаттандыру қағидаларын қатаң сақтап, күнделікті өмірде тазалық мәдениетін ұстануы тиіс.








