ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастар «Тактум Инжиниринг» газоблок пен шифер өндіретін кәсіпорынға барып, өндіріс орнының жұмысымен танысты. Танымдық экскурсияның мақсаты – жас буынға өндіріс саласының ерекшеліктерін көрсету, кәсіби бағдар беру және еңбекке деген қызығушылығын арттыру.
Экскурсия барысында қатысушылар кәсіпорындағы өндірістік процестерді өз көздерімен көріп, құрылыс материалдарының дайындалу кезеңдері туралы мәлімет алды. Мамандар газоблок пен шифер өндірісінің ерекшеліктерін түсіндіріп, өнімнің дайындалу барысы мен өндірістегі негізгі жұмыс бағыттары жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар жастар өндіріс орнындағы еңбек тәртібі, мамандардың міндеттері және технологиялық процестердің ұйымдастырылуы туралы мағлұмат алды. Кәсіпорынның жұмысымен танысу арқылы қатысушылар құрылыс материалдарын өндіру саласының қыр-сырын жақыннан көріп, теориялық ақпаратты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алды.
Кездесу барысында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен өндіріс саласында жұмыс істеу мүмкіндіктеріне де назар аударылды. Қазіргі таңда өндірістің тұрақты дамуы білікті мамандарға, кәсіби білімге және жауапкершілікке тікелей байланысты. Осыған орай жастарға мамандық таңдауда өз қызығушылықтары мен қабілеттерін ескеріп, еңбек нарығындағы сұранысты да назардан тыс қалдырмаудың маңызы түсіндірілді.
Мұндай танымдық экскурсиялар жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, түрлі еңбек салалары туралы түсінігін кеңейтуге және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді. Өндіріс орындарымен танысу арқылы жас буын еңбек адамының қоғамдағы рөлін тереңірек түсініп, кәсіптік білім мен практикалық дағдылардың маңызын бағамдай алады.
«Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастыратын осындай кездесулер жастарды еңбекке баулуға, кәсіби қызығушылығын қалыптастыруға және болашаққа сенімді қадам жасауына бағытталған.








