Құқықтық мемлекеттің басты тірегі — қоғамдағы заң үстемдігі мен қатаң тәртіп. Осы бағыттағы «Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру, сондай-ақ жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы «Арбат» саябағында ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Халық көп шоғырланатын демалыс аймағында өткен шара азаматтардың заң талаптарын тереңірек түсінуіне жол ашты.
Ашық аспан астындағы еркін форматтағы кездесуге Еңбекші ауданының бөлім аға прокуроры Алма Нұрмағанбетқызы Сатқанбаева және Шымкент қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілінің маманы Нұрлан Әлжанұлы Мырзабай арнайы қатысты. Заңгерлер мен құқық қорғаушылар қала тұрғындарына, әсіресе жастарға қоғамдық тәртіпті сақтау, бөтеннің мүлкіне қол сұқпау, вандализм көріністеріне жол бермеу және өз құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берді.
Мамандар кез келген ұсақ құқықбұзушылықтың соңы үлкен жауапкершілікке әкеп соқтыратынын нақты мысалдармен түсіндірді. Шара барысында қатысушыларға заңнамалық нормалар мен маңызды байланыс нөмірлері жазылған арнайы жадынамалық парақшалар таратылды.
Мұндай ашық диалог алаңы қала жастарының көңілінен шықты. Олар өз ойларын ортаға салып, шараның маңыздылығына тоқталды:
«Көп жағдайда жастар заңды білмегендіктен, болмашы нәрсе үшін қателікке ұрынып жатады. Прокурорлар мен адам құқығын қорғау мамандарының кабинетте отырмай, осылай халықтың ортасына шығып, «Арбатта» түсіндіру жұмыстарын жүргізуі өте ұтымды формат деп ойлаймын. Көкейде жүрген сұрақтарымызды қойып, нақты жауап алдық. Заңды білу — әрқайсымыздың міндетіміз», — дейді студент Әліхан Саудабаев.
Ал қала тұрғыны Мәдина адам құқықтары жөніндегі мағлұматтардың пайдалы болғанын айтты: «Мен үшін Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық өкілдерінің ақпараты өте маңызды болды. Құқығымыз бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін, қандай заңды тетіктер бар екенін біліп алдық. Қоғамда тәртіп болуы үшін әр адам ең алдымен өзінен бастауы керек екенін түсіндік».
«Заң мен тәртіп» қағидасы — жай ғана ұран емес, ол қауіпсіз әрі өркениетті қоғамның кепілі. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да қаланың басқа да қоғамдық орындарында жалғасын табатын болады.








