ADYM.KZ / Халықаралық Олимпиадалық комитет (ХОК) спортшыларды қолдауға бағытталған жаңа бастама – Fit for the Future Olympian Grant бағдарламасын жариялады. Енді тарихта алғаш рет Олимпиада ойындарының әрбір қатысушысы 10 мың АҚШ доллары көлеміндегі грант алуға үміткер бола алады.
Жаңа бағдарлама туралы шешім Швейцариядағы Лозанна қаласында өткен ХОК-тың 146-сессиясында қабылданды. Алғашқы гранттар 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының қатысушыларына беріледі.
ХОК мәліметінше, бастама спортшылардың мансабын ұзақ мерзімді дамытуға және спорттық жолын аяқтағаннан кейінгі бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталған. Әр олимпиадалық циклде шамамен 14 мың спортшы аталған грантқа өтініш бере алады.
Қаражат Ұлттық олимпиадалық комитеттер арқылы бөлінеді. Егер спортшы грантқа өтініш бермесе, оған арналған қаржы қорда қалып, болашақ олимпиадашыларды қолдауға жұмсалады.
Бағдарламаға 2026 жылдан бастап Олимпиада ойындарына Аа санатындағы аккредитациямен қатысқан спортшылар қатыса алады. Алайда жасөспірімдер Олимпиадасының қатысушылары бұл тізімге кірмейді. Сонымен қатар үміткерлер допингке қарсы ережелерді, Олимпиадалық хартияны және ХОК Әдеп кодексін бұзбауы тиіс.
ХОК Спортшылар комиссиясының төрағасы Пау Газоль бұл гранттың жүлде үшін емес, Олимпиадаға жету жолындағы қажырлы еңбек пен табандылықты мойындаудың белгісі екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта ХОК грантқа өтініш қабылдау және төлем жасау тетіктерін әзірлеуде. 2026 жылғы Олимпиада қатысушылары үшін өтінім қабылдау осы жылдың соңында басталып, алғашқы төлемдер 2027 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.








