ADYM.KZ / Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open турниріндегі жеңісінен кейін әлемдік теннистің жаңа көшбасшысына айналды. Нью-Йорктегі финалда Арина Соболенконы жеңген спортшы мансабында алғаш рет WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Осылайша Рыбакина әлемдік рейтингті басқарған Қазақстанның алғашқы теннисшісі атанды.
Қазақстандық спортшының тарихи жетістігіне шетелдік спорт журналистері де жоғары баға беріп отыр. BAQ.KZ АҚШ пен Ұлыбританияның танымал спорт журналистері – CBS телеарнасының «60 Minutes» бағдарламасының тілшісі Джон Вертхейм, америкалық теннис шолушысы Бен Ротенберг және BBC журналисі Джонатан Юрейкомен сөйлесіп, Рыбакинаның жетістігіне қатысты пікірлерін білді.
«Оның әлемнің бірінші ракеткасы болғаны таңқаларлық емес»
Джон Вертхейм Рыбакинаның US Open финалындағы ойынына ерекше баға берді. Оның айтуынша, қазақстандық теннисші матч барысында сенімділік пен сабырлылық танытып, қиын сәттерден дұрыс шыға білді.
– Ол өте сенімді әрі сабырлы ойнады. Кей сәттерде керемет тәсіл жасады, ал өз подачасына сене алмаған кездері ойынының басқа да мықты тұстарын пайдаланды. Екінші сеттен ұтылып қалған соң, ол қайта жиналып, ойынын жандандыра білді. Бұл шынайы кәсіби өнер көрсету болды, – деді журналист.
Вертхейм Рыбакинаның қазіргі ойын деңгейін оның әлемдік рейтингте бірінші орынға шығуымен байланыстырады. Оның пікірінше, спортшының жетістігі кездейсоқ нәтиже емес.
Рыбакина биыл Australian Open және US Open турнирлерінде жеңіске жетті. Сонымен қатар оның қоржынында 2022 жылғы Wimbledon титулы бар. Осылайша қазақстандық теннисшіге мансаптық «Үлкен дулыға» (Career Grand Slam) жиынтығын толықтыру үшін тек Roland Garros турниріндегі жеңіс жетіспейді.
– Оның әлемнің бірінші ракеткасы болғаны мен үшін мүлде таңқаларлық емес. Біз оның күш-қуаты туралы көп айтамыз, бірақ қазір ол шынымен де жан-жақты дамыған теннисшіге айналды, – деді Джон Вертхейм.
«Егер Нью-Йоркте жеңе алса, кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы бар»
Америкалық теннис шолушысы Бен Ротенберг те Рыбакинаның US Open-дегі жеңісін оның мансабындағы маңызды кезең ретінде бағалады.
Оның пікірінше, Нью-Йорктегі нәтиже Рыбакинаның қазіргі таңда әлемдік теннистегі жоғары деңгейін айқын көрсетті.
– Меніңше, Нью-Йорктегі осы жеңістің арқасында Рыбакина қазіргі уақытта әлемнің үздік теннисшісі мәртебесін шынайы түрде бекітті. Бұл әсіресе оның жарақатқа байланысты қиындықтарын, сондай-ақ бұған дейін US Open оның «Үлкен дулығаның» төрт турнирінің ішіндегі ең сәтсіз болғанын ескергенде, ерекше әсер қалдырады, – деді Ротенберг.
Журналист қазақстандық спортшының Нью-Йорктегі жеңісін оның кез келген жағдайда жоғары нәтиже көрсете алатынының дәлелі ретінде атады.
– Егер ол Нью-Йоркте жеңе алса, демек, енді оның кез келген жерде жеңіске жетуге шамасы жетеді, – деді Бен Ротенберг.
Рыбакинаның АҚШ-тағы танымалдығы туралы
Джон Вертхейм спорттық нәтижелері жоғары болғанына қарамастан, Рыбакинаның АҚШ-тағы көпшілік арасындағы танымалдығы әзірге оның корттағы жетістіктерімен бір деңгейде емес екенін айтты.
Журналист мұның бірнеше себебі болуы мүмкін екенін атап өтті. Соның ішінде Рыбакинаның жеке өмірін көпшілікке ашуға ұмтылмайтыны және сұхбаттарда ұстамды мінез танытатыны да бар.
– Меніңше, оны адам ретінде тану біраз қиын. Бірақ бұл – оның өзінің шешімі, өз құқығы және бұл – толығымен қалыпты жағдай. Алайда оның теннис әуесқойларынан тыс жердегі танымалдылығы салыстырмалы түрде онша жоғары емес, – деді Вертхейм.
Оның айтуынша, спортшы баспасөзбен және жанкүйерлермен қарым-қатынаста ашығырақ болған жағдайда, теннис қауымдастығынан тыс аудитория арасында да танымалдығын арттыра алар еді.
Сонымен бірге журналист бұл мәселені әр спортшының жеке таңдауы ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті.
– Барлық ойыншылардың мінезі әртүрлі, бірақ мен оның көпшілік алдындағы беделі, әсіресе оның теннис деңгейін ескергенде, болуы тиіс деңгейден әлдеқайда төмен дер едім, – деді Джон Вертхейм.
Ұлыбританияда Рыбакинаны қалай қабылдайды?
BBC журналисі Джонатан Юрейконың айтуынша, Рыбакинаның 2022 жылғы Wimbledon-дегі жеңісі оған Ұлыбританияда белгілі бір деңгейде танымалдық әкелді.
Алайда қазақстандық теннисшінің бұл елдегі аудиториясы әзірге негізінен теннис жанкүйерлерінен тұрады.
– Теннис жанкүйерлері оның жетістіктері мен шеберлігіне үлкен құрметпен қарайды, сондай-ақ корттағы қарапайым әрі ұстамды мінез-құлқын жалпы алғанда жоғары бағалайды, – деді Юрейко.
Соболенконың финалдан кейінгі эмоциясы
US Open финалынан кейін Арина Соболенконың эмоциясы да спорт әлемінің назарын аударды. Беларусь теннисшісі ракеткасын сындырып, кейін жанында тұрған операторға наразылығын білдірді.
Univers Tennis мәліметінше, ракетка мен спорттық құралдарға қатысты ережені бұзғаны үшін Соболенкоға 7,5 мың доллар көлемінде айыппұл салынған.
Джон Вертхейм Соболенконың әрекетін талқылай отырып, спортшылардың жарыс кезіндегі эмоцияларына қоғамның әртүрлі көзқарас танытатынын атап өтті.
Оның пікірінше, Үлкен дулыға турнирінің финалында жеңіліп қалған спортшының эмоциясын көрсетуін бірден қатты сынға алудың қажеті жоқ.
– Спортшылардың нәтижеге бей-жай қарайтындай көрінетін кездері мен үшін онша түсінікті емес. Соболенко болып жатқан оқиғаға айқын түрде қатты алаңдайды. Сондықтан оның сынған ракеткалары, бейәдеп сөздері немесе ашық түрде көңілсіз жүргені үшін оны тым қатты айыптау қиын, – деді сарапшы.
Вертхеймнің айтуынша, Соболенко бұл финалда тек турнир жеңімпаздығынан ғана емес, әлемдік рейтингтегі бірінші орыннан да айырылды. Сонымен қатар ол 2022 жылдан бері алғаш рет жылды Үлкен дулыға титулынсыз аяқтап отыр.
– Өзім мұндай әрекет жасамас едім деп түсінемін. Мүмкін, Роджер Федерер де бұлай етпес еді. Бірақ мен мұны үлкен проблема деп санамаймын. Менің көзқарасым бойынша, ойыншылардың эмоцияларын басқара алмайтындай нәтижеге қатты алаңдайтынынан гөрі, олардың бәріне бәрібір болып көрінуі – әлдеқайда үлкен проблема, – деді ол.
Джонатан Юрейко да Соболенконың эмоциясын түсінуге болатынын айтты. Оның пікірінше, кәсіби спортта жеңіс пен жеңілістен кейінгі сезімдерді ашық көрсету – қалыпты жағдай.
– Соболенко әлемнің үздік теннисшілерінің бірі болып қалу үшін өте көп жұмыс істейді және Үлкен дулыға титулдары үшін дерлік әрқашан таласады. Сондықтан осындай маңызды матчтағы жеңілістің оның бойында қатты көңілсіздік тудыруы – өте табиғи жағдай, – деді BBC журналисі.
Юрейконың пайымдауынша, Соболенко матчтан кейінгі әрекетімен назарды әдейі Рыбакинадан басқа жаққа бұруға тырыспаған.
– Жағымсыз эмоцияларын сыртқа шығарып алғаннан кейін, Соболенко әрқашан жеңілісті лайықты түрде қабылдап, қарсыласына жылы лебізін білдіреді, – деді ол.
Осылайша Елена Рыбакинаның US Open-дегі жеңісі оның спорттық мансабындағы жаңа белесті айқындап қана қоймай, қазақстандық теннистің әлемдік аренадағы орнын тағы бір мәрте көрсетті. Қазір оның алдында жаңа міндет – әлемдік рейтингтегі көшбасшылығын сақтау және «Үлкен дулығаның» төрт турнирінде де жеңіске жетіп, Career Grand Slam-ды толықтыру мүмкіндігі тұр.








