ADYM.KZ / Қазақстанда электронды кітаптарға деген қызығушылық артып келеді. 2026 жылдың басынан бері Ұлттық электронды кітапхана (ҚазҰЭК) қорындағы материалдардың қаралым саны 3,6 миллионнан асып отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Еске салсақ, 16 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Құжат азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға, қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға және адами капиталды дамытуға бағытталған.
Бүгінде ҚазҰЭК ұлттық жазба мұраға қол жеткізудің маңызды цифрлық платформасына айналды. Порталда кітаптар, сирек құжаттар мен қолжазбалар, мерзімді басылымдар, диссертациялар, архив материалдары, аудио және бейнежазбалар, карталар және өзге де цифрлық ресурстар жинақталған.
Жыл басынан бері қашықтан пайдаланушылар саны 295 мыңнан асып, электронды құжаттарды жүктеу көрсеткіші 891 мыңнан жоғары болды. Осы кезеңде қор 2 506 жаңа цифрлық көшірмемен толықтырылып, 437 құжат өңделді. Сондай-ақ 127 мыңнан астам бет цифрлық форматқа көшірілген.
Қазіргі уақытта Ұлттық электронды кітапхана қорында 86 мыңнан астам құжат сақтаулы. Оның ішінде 10 мыңнан астам сирек кітап пен қолжазба цифрландырылған.
Министрлік дерегінше, ҚазҰЭК қызметін әлемнің 122-ден астам елінің оқырмандары пайдаланады. Порталға Қазақстанмен қатар Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Электронды құжаттар 70 тілде қолжетімді.
Порталдағы материалдарды тіркелусіз-ақ еркін қарауға болады. Оқырмандарға мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген кітаптар, сирек құжаттар мен қолжазбалар, түркітілдес елдер кітапханасы және басқа да тақырыптық жинақтар ұсынылған.
Алдағы уақытта кітапхана саласын цифрландыру жұмыстары Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру арқылы жалғасады. Жаңа жүйе электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстары мен заманауи сервистерді біріктіріп, отандық әдебиет пен ғылыми мұраға қолжетімділікті одан әрі кеңейтпек.








