ADYM.KZ / Қазақстан мен Еуропалық одақ делегациялары визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия туралы келісімдер жобалары бойынша келіссөздердің кезекті кезеңін өткізді. Тараптар бірқатар маңызды бағыт бойынша ұстанымдарын жақындатып, келіссөздерде елеулі ілгерілеу бар екенін мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, кездесу барысында болашақ келісімдердің негізгі ережелері жан-жақты талқыланды. Әсіресе Қазақстан азаматтары үшін визалық рәсімдерді жеңілдетуге қатысты мәселелерге басымдық берілді.
Атап айтқанда, тараптар виза өтініштерін қарау мерзімдерін қысқарту, көп мәртелік визаларды беру тәртібін жетілдіру, қажетті құжаттар тізімін оңтайландыру және азаматтар арасындағы байланыстарды дамытуға бағытталған өзге де практикалық тетіктерді қарастырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық одақ өкілдері екі келісімнің де көптеген ережесі бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткізілгенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар жұмысты жалғастыруға және қалған мәселелерді өзара келісім негізінде пысықтауға дайын екенін растады.
СІМ мәліметінше, қол жеткізілген нәтижелер өзара сенім мен түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың еркін қозғалысын кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы іскерлік, білім беру, ғылыми және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.








