ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ Тұран аудандық төтенше жағдайлар басқармасы және Полиция департаментімен бірлесіп, автокөліктердегі өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жүргізушілердің өрт қауіпсіздігіне қатысты сауаттылығын арттыру, көлік құралдарында өрттің шығу себептерін түсіндіру және төтенше жағдайлардың алдын алу мәдениетін қалыптастыру.
Түсіндіру жұмыстары барысында жүргізушілерге автокөлікте өрттің туындауына себеп болуы мүмкін жағдайлар туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, электр сымдарының зақымдануы, көліктің техникалық жағдайына немқұрайлы қарау, жанармай жүйесіндегі ақаулар, қозғалтқыш бөлігіндегі қызып кету және электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау өрт қаупін арттыратыны ескертілді.
Сонымен қатар көлік иелеріне автокөліктің техникалық жағдайын үнемі тексеріп отыру, электр жүйесіне өз бетінше өзгеріс енгізбеу, жанармай мен майдың ағып кетуіне жол бермеу, көлік салонында тез тұтанатын заттарды сақтамау қажеттігі түсіндірілді. Өрт сөндіргіш құралдың көлікте болуы ғана емес, оның жарамдылық мерзімі мен жұмысқа жарамдылығын бақылау да маңызды екені айтылды.
Мамандар төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету тәртібіне де тоқталды. Егер көліктен түтін немесе күйік иісі байқалса, жүргізуші қауіпсіз жерге тоқтап, қозғалтқышты өшіріп, жолаушыларды көліктен түсіруі қажет. Өрт белгілері анықталған жағдайда қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, 112 нөміріне хабарлау керектігі ескертілді. Өртті өз күшімен сөндіру қауіпті болған жағдайда адам өмірі мен денсаулығын қатерге тікпеу қажеттігі де айтылды.
Мұндай профилактикалық шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Сондықтан әрбір жүргізуші көлігінің техникалық жағдайына мұқият қарап, өрт қауіпсіздігі талаптарын күнделікті сақтауы тиіс.








