ADYM.KZ / «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Таза Шым» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін қалыптастыру, қала тазалығын сақтау және экологиялық заңнама талаптарын орындаудың маңызын түсіндіру.
Кездесуге Әл-Фараби ауданы прокуратурасының прокуроры Диана Жанкелдиновна Оразымбетова, Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Оразалиевич Құлтилеуов, Шымкент қаласының ACCESS бағдарламасының түлектері, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Данара Юрьевна Саранова, «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Қуаныш Бауыржанұлы Серікбай және 50-ге жуық жас қатысты.
Жиын барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнама талаптарын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару және қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Прокуратура өкілі табиғатты қорғау саласындағы заң талаптарын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікке тоқталып, әрбір азаматтың заңға бағынуы мен қоғамдық тәртіпті сақтауының маңызын атап өтті. Ал Экология департаментінің өкілі қоршаған ортаның ластануына жол бермеу, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және экологиялық мәселелерді шешудегі ортақ жауапкершілік туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуы, еріктілік қозғалысын дамыту және қоғамда табиғатқа жанашырлық көзқарас қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды. Қатысушылар қаланың тазалығын сақтау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті.
Кездесу барысында жастар өз ойларын ортаға салып, қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту, абаттандыру жұмыстарын жандандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Мұндай кездесулер жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді. Таза қала – баршаға ортақ құндылық. Оны сақтау әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден басталады.








