ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Шымкент медресе колледжінде жастар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
«Қауіпсіз қоғам – саналы ұрпақ» тақырыбындағы жиынның мақсаты – жастардың киберқауіпсіздік және құқықтық сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер туралы ақпарат беру, сондай-ақ психологиялық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Жібек Мұратқызы Сайдахан және Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Мақсат Шегірбай қатысты.
Кездесу барысында полиция майоры интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталып, азаматтарды алдау арқылы жеке және қаржылық мәліметтерге қол жеткізу тәсілдері туралы түсіндірді. Атап айтқанда, жалған хабарламалар мен сілтемелер, әлеуметтік желілердегі күмәнді парақшалар, онлайн сауда кезіндегі алаяқтық әрекеттер және банк картасына қатысты деректерді заңсыз иемдену жағдайлары сөз болды.
Сонымен қатар жастарға интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтау, белгісіз тұлғаларға жеке мәліметтерді бермеу, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды жария етпеу, күмәнді ұсыныстарға сенбеу жөнінде кеңестер берілді. Кез келген қаржылық операция кезінде мұқият болып, ақпараттың шынайылығын тексерудің маңыздылығы атап өтілді.
Жиын барысында психологиялық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Жібек Мұратқызы суицидтің алдын алу, жастар арасындағы буллингке жол бермеу және психологиялық қолдау көрсету бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол адамның эмоционалдық жағдайына бейжай қарамау, қиындыққа тап болған жағдайда жақындарымен немесе мамандармен ашық сөйлесу қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ өзара құрмет, түсіністік пен қолдау көрсету мәдениетін қалыптастырудың маңызы айтылды. Қатысушыларға психологиялық қиындықтарды жалғыз еңсеруге тырыспай, дер кезінде көмекке жүгінудің дұрыс шешім екені түсіндірілді.
Кездесу соңында студенттер мамандарға сұрақтарын қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша жауаптар алды.
Осындай ақпараттық кездесулер жастардың цифрлық және психологиялық сауаттылығын арттырып, интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтануына және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.








