ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Ж.Тәшенов атындағы университетте «Нашақорлық пен АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың денсаулық сақтау мәселелері бойынша сауаттылығын арттыру, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, АИТВ/ЖИТС туралы дұрыс ақпарат қалыптастыру және салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру.
Кездесуге Жастар ресурстық орталығының маманы Сабина Сагинтай, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың маманы Аяжан Джарасбай және Психикалық денсаулық сақтау орталығының дәрігер-наркологы Жасұлан Сахитжанов қатысты.
Жиын барысында мамандар нашақорлықтың адам денсаулығына, психологиялық жағдайына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірді. Әсіресе есірткі заттарын тұтынудың салдары, тәуелділіктің қалыптасу себептері және оның алдын алу жолдарына назар аударылды. Сонымен қатар зиянды әдеттерден аулақ болу, бос уақытты тиімді ұйымдастыру және спортпен шұғылданудың маңыздылығы айтылды.
АИТВ/ЖИТС мәселесіне қатысты ақпараттық бөлімде инфекцияның таралу жолдары, одан сақтану шаралары және алдын ала тексерілудің маңызы түсіндірілді. Мамандар АИТВ мен ЖИТС ұғымдарының айырмашылығына тоқталып, инфекция туралы қоғамда кездесетін қате түсініктерді тарқатты. Сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарап, оларды кемсітпеу қажеттігі атап өтілді.
Дәрігерлер өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау, қауіп факторларын білу және күмән туындаған жағдайда медициналық мамандардан кеңес алу маңызды екенін жеткізді. Сонымен бірге жастардың денсаулыққа қатысты мәселелерде сенімді ақпарат көздеріне жүгінуі қажеттігі айтылды.
Кездесу соңында студенттер мамандарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нашақорлықтың алдын алу, АИТВ/ЖИТС-тен қорғану және денсаулықты сақтау бойынша пайдалы ақпарат алды.
Осындай кездесулер жастардың медициналық сауаттылығын арттырып, зиянды әдеттерден аулақ болуына, өз денсаулығына саналы түрде қарауына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал етеді.








