ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен М. Тынышбаев атындағы ALT көлік колледжінде жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
«Адал ұрпақ – әділетті қоғам негізі» тақырыбында өткен жиынның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, адалдық пен парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Кездесуге М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Қылмыстық құқық және қылмыстық процесс» кафедрасының аға оқытушысы, Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Атамбаев Қайрат Даниярбекұлы қатысып, тақырып аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Маман өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсеріне тоқталып, оның мемлекетке, экономикаға және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына келтіретін зиянын түсіндірді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың заң алдындағы жауапкершілігі, олардың алдын алу жолдары және азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат берді.
Жиында адалдық, әділдік, жауапкершілік және заңға құрметпен қарау әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы қажеттігі атап өтілді. Әсіресе жастардың күнделікті өмірде, білім алу барысында және болашақ еңбек қызметінде әділдік қағидаттарын басшылыққа алуының маңызы сөз болды.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, оған қоғамның әрбір мүшесі атсалысуы керектігі айтылды. Өйткені адалдықты ту еткен, заңды құрметтейтін және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ – әділетті қоғамның басты тірегі.
Кездесу соңында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Мұндай кездесулер жас буынның құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың бойында парасаттылық, азаматтық жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ұстанымдарын қалыптастыруға ықпал етеді.








