ADYM.KZ / Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен 2026 жылғы 3 қарашада «Болашақ» жоғары колледжінде «Стоп буллинг: қауіпсіз орта – жарқын болашақ» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру семинары өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру, өзара сыйластық пен құрметке негізделген қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын түсіндіру.
Семинарға Шымкент қаласы Полиция департаментінің өкілдері Махаббат Мұратқызы Тоқтас пен Бахытжан Турсунбаевич Бекбаев қатысып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқықтық жауапкершілік, кибербуллинг және интернет қауіпсіздігі мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мамандар өз сөздерінде буллингтің тек күш көрсету немесе қорлау түрінде ғана емес, адамның ар-намысына тиетін сөздер, кемсіту, қорқыту, шеттету және әлеуметтік желілер арқылы қысым көрсету түрінде де кездесетінін атап өтті. Мұндай әрекеттердің адамның психологиялық жағдайына, өзіне деген сеніміне және қоғаммен қарым-қатынасына кері әсер ететіні түсіндірілді.
Сонымен қатар интернет кеңістігінде жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, әлеуметтік желілерде әдеп нормаларын сақтау және кибербуллингке тап болған жағдайда тиісті органдарға жүгіну жолдары туралы ақпарат берілді. Қатысушыларға зорлық-зомбылық пен қысым көрсету жағдайларына бейжай қарамай, дер кезінде көмек сұраудың маңыздылығы айтылды.
Кездесуді Жастар ресурстық орталығы Психологиялық көмек көрсету бөлімінің мамандары Ақсымбат Рашидқызы мен Жібек Мұратқызы жүргізді. Олар жастар арасындағы психологиялық ахуал, өзара түсіністік пен қолдау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған құрдастарына қолдау көрсетіп, мәселені ушықтырмай, мамандардың көмегіне жүгінудің маңызын жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті ақпарат пен түсініктемелер алды.
Осындай кездесулер жастардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.








