Шымкентте ұзындығы 50 шақырым болатын айналма автокөлік жолының құрылысы басталды. Ірі инфрақұрылымдық жобаның іргетасын қалау рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, деп хабарлайды Adym.kz ақпараттық сайты қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа автожол халықаралық және республикалық маңызы бар транзиттік көлік қозғалысын қала аумағынан тыс бағыттауға арналған. Атап айтқанда, Алматы–Ташкент бағыты бойынша қатынайтын көліктердің қозғалысын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл қаланың негізгі көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтып, жүк көліктерінің орталық аумақтарға кіруін шектеуге және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Ұзындығы 50 шақырымды құрайтын төрт жолақты магистраль Шымкентке Алматы бағытынан кіретін жолды Алматы–Термез тасжолы арқылы Солтүстік айналма жолмен және Ташкент бағытына шығатын жолмен байланыстырады. Нәтижесінде негізгі көлік бағыттары арасындағы транзиттік қозғалыс қаланы айналып өтіп, жол қатынасының тиімділігі артады.
Жоба аясында заманауи интеллектуалды көлік жүйелері мен қажетті инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Құрылыс кезеңінде 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Ал жол пайдалануға берілгеннен кейін оның жұмысына қызмет көрсету және инфрақұрылымын күтіп ұстау үшін 100-ге жуық маман тартылады.
Қала әкімі жаңа жолдың Шымкенттің көлік жүйесін дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, айналма магистраль көлік ағындарын тиімді бөлуге, негізгі жолдарға түсетін салмақты азайтуға және қаланың көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды.
«Президент еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға және транзиттік әлеуетін арттыруға баса назар аударады. Маңызды көлік торабында орналасқан Шымкент үшін бұл жоба аса маңызды. Ол жолдарға түсетін жүктемені азайтуға және іргелес аумақтардың дамуына жағдай жасайды. Бұл жерлерде өндірістік, логистикалық, сауда және сервистік нысандар орналастырылуы мүмкін», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар жаңа автожол Түркістан облысындағы туристік бағыттармен, соның ішінде таулы аймақтармен көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өңіраралық байланысты нығайтып, туризм саласының дамуына серпін бермек.
Жалпы, айналма жолдың құрылысы Шымкенттің көлік-логистикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға, транзиттік әлеуетін арттыруға және қаланың одан әрі дамуына бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.








