ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен жастарға кәсіби бағыт-бағдар беруге және олардың еңбек нарығына бейімделуіне арналған «NEET санатындағы жастарды қолдау және жұмыссыздықты азайту: кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы басталды.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың кәсіби бағдарын айқындауға қолдау көрсету, мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына ықпал ету және еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпараттандыру. Сонымен қатар жастардың өз қабілеті мен қызығушылығына сәйкес кәсіби бағыт таңдауына жағдай жасау көзделген.
Жоба аясында №140, №60 және №55 жалпы білім беретін мектептерінде ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.
Кездесу барысында профориентолог Сая Дәулетқызы Сихым жастарға мамандық таңдаудың маңызы туралы айтып, болашақ кәсіби бағытты айқындау кезінде адамның жеке қызығушылығы, қабілеті мен бейімділігін ескерудің қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ жастарға еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер, заманауи мамандықтар және кәсіби дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді. Мамандық таңдауда тек оның танымалдығына немесе сыртқы факторларға сүйенбей, нақты кәсіби мақсат қалыптастырудың маңызы түсіндірілді.
Кездесуде еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу, жаңа дағдыларды меңгеру және кәсіби білімді үнемі жетілдіріп отырудың маңызы да сөз болды. Қазіргі еңбек нарығында маманнан кәсіби біліммен қатар, коммуникация, жауапкершілік, бастамашылдық, цифрлық сауаттылық және жаңа жағдайларға бейімделу қабілеті талап етілетіні атап өтілді.
Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдауға қатысты кеңестер алды. Кәсіби бағдар беру жұмысы қатысушыларға өз мүмкіндіктерін бағалап, алдағы оқу және еңбек жолына қатысты нақты бағыт қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Жастардың кәсіби әлеуетін ашу, жұмыссыздықтың алдын алу және еңбек нарығына табысты бейімделу – жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда, кәсіби бағдар беру кездесулері жас буынның болашаққа сенімді қадам жасауына және еңбек жолын саналы түрде жоспарлауына ықпал етеді.
«NEET санатындағы жастарды қолдау және жұмыссыздықты азайту: кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.








