ADYM.KZ / «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Аймақтық инновациялық университетінде жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға қаржы пирамидалары, дропперлік және қаржылық алаяқтықтың кең тараған түрлері туралы түсінік беру, күмәнді қаржылық ұсыныстарды ажырата білуге үйрету және жеке қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті ақпарат ұсыну.
Кездесуге Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Аружан Русланқызы Әлжан қатысып, жастарға қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша маңызды ақпарат берді.
Іс-шара барысында қаржы пирамидаларының жұмыс істеу тәсілдері мен олардың негізгі белгілеріне назар аударылды. Жастарға қысқа мерзімде жоғары табысқа кенелуге уәде беретін, жаңа қатысушыларды тарту арқылы пайда табуға негізделген күмәнді жобалардан сақ болу қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ инвестиция салу немесе қосымша табыс табу туралы ұсыныстар түскен жағдайда оның заңдылығын және сенімділігін тексерудің маңызы айтылды.
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – дропперлік. Қатысушыларға өздерінің банк картасын, шотын немесе төлем құралдарын бөгде адамдарға берудің қаржылық және құқықтық тәуекелдері түсіндірілді. Жеке банк деректерін, құпия кодтар мен өзге де ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу қажеттігі ескертілді.
Маман жастарға интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қаржылық алаяқтықтан сақтанудың қарапайым ережелерін де таныстырды. Атап айтқанда, белгісіз сілтемелерге өтпеу, күмәнді хабарламаларға жауап бермеу, банк картасының деректері мен бір реттік кодтарды ешкімге айтпау, сондай-ақ қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде ақпараттың ресми дереккөзден алынғанына көз жеткізу қажеттігі атап өтілді.
Кездесу барысында жастар өздерін қаржылық алаяқтықтан қорғау жолдары бойынша маманға сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Қатысушылардың қаржылық қауіпсіздік жөніндегі білімін бекіту мақсатында арнайы ойын ұйымдастырылып, жастар түрлі жағдайларды талдау арқылы өз білімдерін сынап көрді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, күнделікті өмірде қаржылық шешім қабылдау кезінде сақтық танытуға ықпал етеді.
Қаржылық қауіпсіздік – жеке қаражатты қорғаумен шектелмейтін, азаматтың құқықтық және қаржылық сауаттылығымен тікелей байланысты маңызды мәселе. Сондықтан жастар арасында осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға және қаржылық алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді.








