ADYM.KZ / Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе түнгі уақытта жасөспірімдердің заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруіне жол бермеу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуге басымдық беріліп отыр.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде болуына шектеулер қойылған. Атап айтқанда, балалардың сағат 22:00-ден кейін көшеде, ал ойын-сауық орындарында сағат 23:00-ден кейін ересектердің қарауынсыз жүруіне тыйым салынады. Бұл талаптар жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ олардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуының алдын алуға бағытталған.
Осы бағытта Шымкент қаласында ювеналды полиция қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен «Түнгі қала» рейдтік іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Рейд барысында ойын-сауық орындары, қоғамдық кеңістіктер мен көшелер тексеріліп, түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдер анықталады.
Соңғы айларда жүргізілген рейдтер кезінде түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген ондаған жасөспірім тіркелген. Аталған фактілер бойынша олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұлдар салынды.
Ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ләззат Сейітова ата-аналардың бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
«Бала тәрбиесі – тек мектептің немесе мемлекеттің емес, ең алдымен отбасының қасиетті борышы. Әрбір ата-ана баласының қайда жүргенін, кіммен араласатынын және бос уақытын қалай өткізетінін білуі керек. Жасөспірімдердің түнгі уақытта бақылаусыз жүруі олардың түрлі құқық бұзушылықтардың құрбаны немесе қатысушысы болу қаупін арттырады. Сондықтан ата-аналар баласының қауіпсіздігі мен тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы тиіс», – деді ол.
Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары барысында ата-аналарға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және заң талаптарын сақтау жөнінде ақпарат берілуде. Қала тұрғындарына арнайы жадынамалар таратылып, профилактикалық шаралардың маңызы түсіндірілуде.
Мұндай рейдтер жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.








