ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен NEET санатындағы жастарды қолдауға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған «Кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Жоба аясында №11 Ә. Науаи атындағы жалпы орта білім беретін мектеп, №17 Лермонтов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп және №6 Н. Баласағұн атындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларымен кәсіби бағдар беру бағытында кездесулер өткізілді.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – оқушыларға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу, олардың жеке қабілеті мен қызығушылығын ескере отырып кәсіби бағыт-бағдарын айқындауына қолдау көрсету және еңбек нарығына бейімделуге қажетті түсінік қалыптастыру.
Кездесулер барысында профориентолог Ақан Сәбитұлы Бесбаев оқушыларға мамандық таңдаудың жауапты шешім екенін түсіндірді. Әр адамның қызығушылығы, қабілеті, мінез ерекшелігі мен кәсіби бейімділігі болашақ мамандықты таңдауда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Маман оқушыларды белгілі бір кәсіпті тек танымалдығына немесе өзгелердің таңдауына қарап емес, өз мүмкіндігі мен қызығушылығына сәйкес таңдауға шақырды.
Сонымен қатар кәсіби бағытты ерте анықтау оқушыға алдағы білім алу бағытын жоспарлауға, қажетті дағдыларын дамытуға және болашақтағы еңбек жолына дайындалуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Кездесуде қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделудің маңызына да назар аударылды. Оқушыларға мамандық таңдаумен қатар, сол салада қажетті кәсіби және әмбебап дағдыларды дамыту қажеттігі түсіндірілді.
Мамандықтың талаптарын алдын ала зерделеу, қосымша білім алу, жаңа дағдыларды меңгеру және өз білімін үнемі жетілдіру – еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болудың маңызды шарттарының бірі.
Оқушыларға еңбек нарығында белгілі бір мамандықтарға деген сұраныс уақыт өте өзгеруі мүмкін екені түсіндіріліп, сондықтан қазіргі таңда жас маман үшін бір ғана кәсіби біліммен шектелмей, жаңа жағдайларға бейімделе білу маңызды екені айтылды.
Ақпараттық кездесулер барысында кәсіби біліммен қатар коммуникация, жауапкершілік, уақытты тиімді пайдалану, командада жұмыс істеу, ақпаратпен жұмыс істеу және цифрлық сауаттылық сияқты дағдылардың маңызы сөз болды.
Оқушыларға мектеп қабырғасынан бастап өз қабілеттерін дамытуға, түрлі үйірмелер мен білім беру жобаларына қатысуға және өздерін әртүрлі бағытта сынап көруге кеңес берілді.
Кәсіби бағдар беру жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – оқушылардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастыру. Өз мамандығын дұрыс таңдаған жас болашақта кәсіби ортаға тезірек бейімделіп, еңбек жолында нақты мақсат қоя алады.
Кездесу барысында оқушылар профориентологқа өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдауға, кәсіби қабілетті анықтауға және еңбек нарығындағы мүмкіндіктерге қатысты кеңестер алды.
Мұндай кездесулер оқушыларға болашақ жоспарын нақтылауға, өз мүмкіндіктерін бағалауға және мамандық таңдауға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді.
«Кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастардың кәсіби әлеуетін ашуға, жұмыссыздықтың алдын алуға және еңбек нарығына бейімделуіне бағытталған.
Болашақ мамандықты таңдау – жас адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі. Сондықтан кәсіби бағытты ерте айқындау, өз қабілетін дұрыс бағалау және заман талабына сай дағдыларды дамыту жастардың алдағы еңбек жолына сенімді қадам жасауына негіз болады.








