ADYM.KZ / Шымкент қаласындағы тоғыз жоғары оқу орнында бірінші курс студенттеріне арналған «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында бір мезетте профилактикалық кездесулер өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жоғары оқу орнына енді қадам басқан жастардың қаржылық сауаттылығын арттырып, оларды интернет-алаяқтық, дропперлік, қаржылық пирамидалар және заңсыз табыс ұсынатын күмәнді схемалардан сақтандыру.
Жаңа ортаға бейімделіп, өз бетінше қаржылық шешім қабылдай бастаған студенттер үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Өйткені жоғары оқу орнына түскеннен кейін жастар банк карталарын белсенді пайдаланып, онлайн сауда жасайды, ақша аударымдарын жүзеге асырады, жұмыс іздейді және инвестициялық өнімдерге қызығушылық таныта бастайды. Осы кезеңде қаржылық операциялардың қауіпсіздік талаптарын білу маңызды.
Түсіндіру жұмыстарын Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесу барысында қазіргі кезде кең тараған қаржылық құқық бұзушылықтар мен алаяқтық схемалар туралы ақпарат берілді. Соның ішінде жастарды оңай табыс табуға шақыру арқылы заңсыз қаржылық операцияларға тарту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Мамандар дропперлік ұғымына жеке тоқталып, өз банк шотын, картасын немесе басқа да қаржылық құралдарын үшінші тұлғаларға берудің қауіпті екенін түсіндірді. Мұндай жағдайда адамның банк шоты немесе картасы заңсыз ақша аударымдарын жүргізу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Сондықтан студенттерге банк картасын, шот деректерін, интернет-банкингке кіру мәліметтерін, құпиясөздер мен басқа да қаржылық ақпаратты бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді.
Мамандар жастарды әлеуметтік желілердегі «оңай ақша табу», «жоғары табысқа кепілдік», «тәуекелсіз инвестиция» секілді ұсыныстарға сын көзбен қарауға шақырды. Күмәнді ұсыныстың шарттарын тексермей ақша аудару немесе жеке қаржылық деректерді ұсыну елеулі қауіпке әкелуі мүмкін.
Кездесуде қаржылық пирамидалардың жұмыс істеу тәсілдері де талқыланды. Студенттерге күмәнді инвестициялық жобалардың негізгі белгілеріне назар аудару қажеттігі айтылды.
Атап айтқанда, нарықтағы қалыпты қаржылық құралдарға қарағанда шамадан тыс жоғары немесе қысқа мерзімде кепілдендірілген табыс ұсыну, жаңа қатысушылар тартуға басымдық беру, жобаның нақты қызметі мен табыс көзінің түсініксіз болуы қаржылық тәуекелдің белгісі болуы мүмкін.
Мамандар жастарға кез келген қаржылық ұсынысты қабылдамас бұрын оның заңдылығын, ұйым туралы ақпаратты және ұсыныстың нақты шарттарын тексеруге кеңес берді.
Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Аружан Әлжан жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттырудың маңызына тоқталды.
– Жастар өз құқықтарын білуі керек, сонымен қатар өзгенің құқығын құрметтеуі қажет. Қазіргі заманғы алаяқтық түрлерінен, дропперліктен, қаржылық пирамидалардан аулақ болған жөн. Ол үшін жастар қаржылық тұрғыдан сауатты әрі жан-жақты болуы керек, – деді Аружан Әлжан.
Оның айтуынша, мұндай түсіндіру кездесулерін бір апта бойы өткізу жоспарланған. Нәтижесінде шамамен 18 мың бірінші курс студентін қамту көзделіп отыр.
Шымкентте жастардың құқықтық және цифрлық қауіпсіздігін арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстары бұған дейін де жүргізіліп келеді. Қаладағы жоғары оқу орындарында студенттерге интернет-алаяқтық, киберқауіпсіздік және дропперлікке тартылу тәуекелдері бойынша кездесулер ұйымдастырылуда.
Кездесу тек дәріс форматымен шектелмей, ашық диалог түрінде өтті. Студенттер мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Әсіресе интернет арқылы жұмысқа орналасу кезінде кездесетін күмәнді ұсыныстар, банк картасын қауіпсіз пайдалану, инвестициялық жобалардың сенімділігін тексеру, әлеуметтік желілердегі жарнамалардың шынайылығын анықтау және күмәнді ақша аударымдарына қатысты мәселелер талқыланды.
Мамандар жастарға қаржылық қауіпсіздік ең алдымен жеке жауапкершіліктен басталатынын түсіндірді. Банк картасы мен шот деректерін бөгдеге бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз адамдардың қаржылық ұсыныстарына сенбеу және кез келген операцияның заңдылығын алдын ала тексеру – алаяқтық тәуекелін төмендетудің негізгі шараларының бірі.
Қаржылық сауаттылықты ерте қалыптастыру жастардың жеке қаражатын дұрыс басқаруына ғана емес, заңсыз қаржылық схемаларға кездейсоқ немесе қасақана араласудың алдын алуға да мүмкіндік береді.








