ADYM.KZ / Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен жастарды кәсіби бағдарлауға, еңбек нарығына бейімдеуге және жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған «NEET санатындағы жастарды қолдау және жұмыссыздықты азайту: кәсіби бағдар беру және еңбек нарығына бейімдеу» жобасы бастау алды.
Жобаның негізгі мақсаты – жастарға мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, олардың кәсіби мүмкіндіктері туралы түсінігін кеңейту, еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуіне қолдау көрсету және болашақ кәсіби жолын саналы түрде жоспарлауына жағдай жасау.
Жоба аясында Айбек атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектепте, Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта білім беретін мектепте және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №19 жалпы орта білім беретін мектепте ақпараттық-түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында жастармен мамандық таңдаудың маңызы, кәсіби қызығушылық пен жеке қабілетті анықтау, еңбек нарығындағы сұранысты ескеру және болашаққа нақты жоспар құру мәселелері талқыланды.
Іс-шараға профориентолог Сая Дәулетқызы Сихым қатысып, жастарға кәсіби бағытты дұрыс таңдаудың негізгі қырлары туралы кеңес берді. Оның айтуынша, мамандық таңдау кезінде тек белгілі бір кәсіптің беделіне немесе айналадағы адамдардың пікіріне сүйенбей, адамның жеке қабілеті, қызығушылығы, бейімі мен еңбек нарығындағы сұранысты қатар ескеру маңызды.
Мамандық таңдау – жас адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі. Себебі дұрыс таңдалған кәсіби бағыт болашақта білім алу бағытын айқындап қана қоймай, еңбек жолын жоспарлауға және өзінің қабілетін толық іске асыруға мүмкіндік береді.
Кездесу кезінде еңбек нарығындағы жаңа бағыттар мен өзгерістерге бейімделудің маңызы да сөз болды. Жастарға заманауи еңбек нарығында кәсіби біліммен қатар цифрлық сауаттылық, коммуникациялық қабілет, жауапкершілік, командамен жұмыс істеу және жаңа білімді меңгеруге дайын болу секілді дағдылардың маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар жастарға өз қабілеттерін ертерек анықтап, кәсіби даму жоспарын құру, қосымша білім алу және тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру жөнінде ұсыныстар берілді. Бұл дағдылар жас маманның еңбек нарығына бейімделуіне және жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруына ықпал етеді.
Жобаның маңызды бағыттарының бірі – NEET санатындағы жастарды қолдау. Жұмыс істемейтін және білім алмайтын жастардың кәсіби әлеуетін анықтап, оларды білім алуға, кәсіптік даярлыққа немесе еңбек қызметіне тарту – жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
Осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастарға қолжетімді мүмкіндіктер туралы хабардарлықты арттыруға бағытталады. Кәсіби бағдар беру арқылы жас буын өз қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес келетін бағыттарды анықтап, болашақтағы оқу және еңбек жолына қатысты саналы шешім қабылдай алады.
Мектептерде өткен кездесулер барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандық таңдауға, кәсіби қабілеттерін анықтауға және еңбек нарығына дайындалуға қатысты жауаптар алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізу жастардың кәсіби сауаттылығын арттырып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат алуына жол ашады.
Жалпы, кәсіби бағдар беру – жастардың болашақ мамандығын саналы таңдауына, еңбек нарығының талаптарына бейімделуіне және өз әлеуетін тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін маңызды бағыт. Ал жас адамның өз қабілетін ерте кезеңнен танып, кәсіби дамуына мақсатты түрде дайындалуы – болашақтағы еңбек жолының берік негізін қалыптастырады.








