ADYM.KZ / Шымкент университетінде жастардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ түрлі қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шара барысында қазіргі қоғамда өзекті болып отырған интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және сталкинг мәселелері кеңінен талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға қауіп-қатерді ерте анықтаудың жолдарын түсіндіру, қиын жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйрету және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Үміт Қайсарқызы Қоңрат, Шымкент ҚПД Қаратау аудандық полиция басқармасының Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Мадина Жақсыбекқызы Ауелбекова және полиция аға лейтенанты Диана Ержанқызы Куралова қатысты.
Мамандар алдымен интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Жастарға алаяқтардың кең таралған тәсілдері, күмәнді хабарламалар мен қоңыраулардан сақтану, белгісіз сілтемелерге өтпеу және бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Сондай-ақ банк картасының деректері, құпия сөздер, SMS арқылы келетін растау кодтары және өзге де қаржылық ақпаратты бөгде адамдарға бермеудің маңызы айтылды. Мамандар күмәнді жағдайға тап болған кезде асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеруге кеңес берді.
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу болды. Полиция қызметкерлері зорлық-зомбылықтың физикалық күш қолданумен ғана шектелмейтінін, оның психологиялық, экономикалық және өзге де нысандары болуы мүмкін екенін түсіндірді. Жастарға зорлық-зомбылық белгілерін дер кезінде байқау және қауіп төнген жағдайда тиісті мамандар мен құқық қорғау органдарынан көмек сұраудың маңыздылығы жеткізілді.
Бұдан бөлек, жастар арасында жиі талқылана бермейтін сталкинг мәселесіне де назар аударылды. Мамандар адамның келісімінсіз оның соңынан еру, қайта-қайта хабарласу, әлеуметтік желілер арқылы бақылау, жеке кеңістігіне заңсыз араласу сияқты әрекеттердің қауіп тудыруы мүмкін екенін түсіндірді.
Қатысушыларға осындай жағдайлар туындаған кезде жеке қауіпсіздігін бірінші орынға қою, күмәнді әрекеттердің дәлелдерін сақтап қалу, сенімді адамдарға хабарлау және қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну жөнінде практикалық кеңестер берілді.
Кездесу барысында арнайы бейнеролик көрсетіліп, тақырыпқа қатысты ақпараттық брошюралар таратылды. Көрнекі материалдар арқылы жастарға қауіптің алдын алу, құқықтарын білу және төтенше жағдайда әрекет ету жолдары түсіндірілді.
Іс-шара соңында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, интернет қауіпсіздігі, зорлық-зомбылықтың алдын алу және сталкинг жағдайындағы әрекеттерге қатысты нақты жауаптар алды.
Мамандар жастарға қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамай, кез келген күмәнді жағдайды дер кезінде бағалап, қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінудің маңызын атап өтті.
Жалпы, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері жастардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттырып, күнделікті өмірде кездесуі мүмкін қауіптерге дайын болуына мүмкіндік береді. Қауіпсіз орта қалыптастыру үшін әр адамның өз құқықтары мен міндеттерін білуі, жеке қауіпсіздік қағидаларын сақтауы және айналасындағы адамдарға құрметпен қарауы маңызды.








