ADYM.KZ / Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Отырар колледжінде білім алушы жастарға АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың АИТВ инфекциясы туралы медициналық сауаттылығын арттыру, оның таралу жолдары мен қауіп факторлары жөнінде нақты ақпарат беру, сондай-ақ аурудың алдын алуға бағытталған жауапты мінез-құлық қалыптастыру.
Кездесу барысында мамандар АИТВ инфекциясының ерекшеліктеріне тоқталып, оның адамнан адамға берілу жолдары туралы түсінік берді. Сонымен қатар жастар арасында кездесетін қауіп факторлары, инфекцияның алдын алу шаралары және денсаулыққа жауапкершілікпен қараудың маңызы түсіндірілді.
Мамандар АИТВ туралы қоғамда қалыптасқан қате түсініктерге жол бермеу қажеттігін де атап өтті. Осы ретте аурудың алдын алу үшін сенімді медициналық ақпаратқа сүйену, қауіпсіздік шараларын сақтау және қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға жүгіну маңызды екені айтылды.
Кездесуде нашақорлықтың адам денсаулығына тигізетін зиянына да ерекше назар аударылды. Мамандар есірткі қолданудың адамның физикалық және психологиялық жағдайына кері әсерін түсіндіріп, оның АИТВ инфекциясының таралу қаупін арттыратын факторлардың бірі болуы мүмкін екенін жеткізді.
Сондай-ақ жастарға салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден бас тарту, дене белсенділігіне көңіл бөлу және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау жөнінде кеңестер берілді.
Кездесуге Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың» алдын алу бөлімінің маманы Аяжан Джарасбай және Жастар ресурстық орталығының Аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Сабина Сагинтай қатысты.
Мамандар жастардың сұрақтарына жауап беріп, АИТВ-ның алдын алу, медициналық көмекке жүгіну және салауатты өмір салтын қалыптастыруға қатысты өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осындай ақпараттық кездесулер жастардың денсаулық мәселелеріне қатысты білімін арттырып, қауіп факторларын ерте түсінуге және жауапты шешім қабылдауына ықпал етеді. Әсіресе АИТВ туралы дұрыс әрі нақты ақпараттың қолжетімді болуы инфекцияның алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Іс-шара соңында жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға, өз денсаулығына ұқыпты қарауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.








