ADYM.KZ / М. Сапарбаев институтының «Парасат» колледжінде жастар арасында буллингтің, зорлық-зомбылықтың және интернеттегі қауіптердің алдын алуға бағытталған «Stop Bullying» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға буллингтің алдын алу жолдарын түсіндіру, қиын жағдайға тап болған кезде дұрыс шешім қабылдауға үйрету және қажет болған жағдайда дер кезінде көмек сұраудың маңызын жеткізу. Сонымен қатар қатысушыларға қауіпсіз мінез-құлық қағидалары, құқықтық сауаттылық және өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдері жөнінде ақпарат берілді.
Кездесу барысында буллингтің адамға психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан кері әсер ететіні айтылып, оның негізгі белгілері мен түрлеріне тоқталды. Мамандар жастарды қатарластарына құрметпен қарауға, кемсіту мен қорлауға жол бермеуге, сондай-ақ айналасында болып жатқан жағдайларға бейжай қарамауға шақырды.
Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен оның адам өміріне тигізетін зиянды салдары сөз болды. Қауіпті жағдайды ерте кезеңде анықтау, зорлық-зомбылық белгілеріне назар аудару және тиісті мамандардан көмек сұрау қажеттігі түсіндірілді. Қатысушылар өздерін немесе жақындарын қауіп-қатерден қорғау кезінде қандай әрекеттер жасау керектігі жөнінде кеңес алды.
Кездесудің тағы бір маңызды бағыты – жастардың цифрлық қауіпсіздігі болды. Мамандар интернет кеңістігінде жеке деректерді қорғау, белгісіз адамдармен қарым-қатынас кезінде сақ болу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға банк картасының деректері мен өзге де қаржылық ақпаратты бермеу қажеттігін атап өтті.
Ақпараттық-түсіндіру іс-шарасына «Жастар ресурстық орталығы» КММ Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Қоңрат Үміт Қайсарқызы және Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы, полиция капитаны Анарбаева Әсемай Есенқызы қатысты.
Мамандар жастардың сұрақтарына жауап беріп, буллингке немесе зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда жалғыз қалмау, сенімді адамдарға және тиісті қызметтерге жүгіну қажеттігін түсіндірді.
Жалпы, мұндай кездесулердің басты міндеті – жастардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, оқу орнында өзара сыйластық пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Буллингтің алдын алу тек жекелеген мамандардың емес, білім алушылардың, ата-аналардың, педагогтердің және қоғамның ортақ жауапкершілігін талап етеді.
Қауіпсіз орта қалыптастыру үшін кез келген қорқыту, кемсіту немесе зорлық-зомбылық фактісін елеусіз қалдырмай, мәселені дер кезінде көтеру маңызды. Ал жастардың өз құқықтары мен қауіпсіздік қағидаларын білуі – осындай жағдайлардың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі.








