ADYM.KZ / Шымкенттегі Жол-көлік колледжінде жастар арасында отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Отбасы – бақыттың бастауы» атты кездесу өтті. Іс-шараны «Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға отбасының қоғамдағы маңызын түсіндіру, шаңырақтағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің мәнін кеңінен насихаттау. Басқосуда ата-анаға құрмет көрсету, үлкенді сыйлау, өзара түсіністік пен қолдау, бала тәрбиесі және отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жауапкершілігі туралы ойлар ортаға салынды.
Іс-шара барысында «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов отбасы институтының қоғамдағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, отбасындағы береке мен тұрақтылық ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер етеді. Осы ретте жастардың отбасылық өмірге жауапкершілікпен қарауы, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынас қалыптастыруы маңызды.
Кездесуге ұлттық «Мерейлі отбасы – 2024» байқауының жеңімпазы, жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Ақмарал Құдайберген де қатысты. Ол өз отбасының тәжірибесімен бөлісіп, шаңырақтағы татулықтың негізі өзара қолдау, түсіністік, құрмет пен жауапкершілікте екенін атап өтті. Сонымен қатар жастарға отбасы құрудың мәні мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі жөнінде ойларын жеткізді. Ақмарал Құдайберген республикалық «Жеті қазына» фестивалі аясындағы «Сұлу әйел» байқауында да жеңімпаз атанған.
Ал «Қазақстан Республикасы Әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова жастарға өнегелі отбасылардың өмірлік тәжірибесін таныстырудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, берік отбасы құндылықтарын дәріптеу жас ұрпақтың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Іс-шара барысында отбасы құндылықтарын насихаттауға үлес қосып жүрген сала мамандарына алғыс хаттар табысталды.
Жиын соңында анаға деген құрмет пен перзенттік парызды арқау еткен «Ана» спектаклі сахналанды. Қойылымда отбасы мүшелері арасындағы мейірім, сыйластық пен өзара түсіністіктің маңызы көрермен назарына ұсынылды. Спектакль жастарға отбасының адам өміріндегі орны мен ата-ана алдындағы жауапкершілік туралы ой салды.








