ADYM.KZ / Қазіргі таңда жастар арасындағы нашақорлық, әсіресе синтетикалық есірткінің таралуы — тұтас қоғамды алаңдатып отырған аса өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұл індетпен күресуді ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі басты міндеттердің бірі ретінде қадап айтқан болатын. Президент: «Синтетикалық есірткіні тұтыну және тарату ұлттың генофондына үлкен қауіп төндіруде. Біз бұл індетке бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек», — деп, өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден қорғау үшін ауқымды ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды барынша күшейтуді тапсырды. Осы стратегиялық міндетті басшылыққа алған Шымкент қаласында жастар арасында есірткіге қарсы берік иммунитетті қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмыстар жаңа серпінмен жүзеге асырылуда.
Бүгінде есірткі саудагерлері өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін түрлі айла-тәсілдерге барып, қала көшелеріндегі ғимараттардың, тұрғын үйлердің, тіпті мектеп маңындағы қабырғаларға жасырын сілтемелер мен телеграм-каналдардың мекенжайын жазып кететіні жасырын емес. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында қаладағы көрнекі жерлерге салынған заңсыз жарнамалармен күрес күшейтілді. Жастарды салауатты өмір салтына үндеп, олардың назарын дұрыс арнаға бұру үшін көшелердегі визуалды үгіт-насихат жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Яғни, жай ғана аудиториялық түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, қала кеңістігін, көше мәдениетін идеологиялық тұрғыда тазарту қолға алынды.
Осы бағыттағы ауқымды іс-шаралардың бірі — жастар ресурстық орталығы мен еріктілердің қатысуымен өткен «Шымкент — есірткісіз қала» науқаны. Аталмыш акция аясында белсенді жастар бірігіп, Абай даңғылы бойындағы есірткі жарнамалары жазылған қабырғаларды тазалау жұмыстарын жүргізді. Ең бастысы, қараңғы пиғылды білдіретін, жастарды өлімге итермелейтін жазулардың үстіне жай ғана бояу жағылып қойған жоқ, олардың орнына көз тартарлық мағыналы көркем суреттер салынды. Бұл игі бастаманың негізгі мақсаты — қала аумағындағы қауіпті жарнамалардың таралуын тоқтату ғана емес, сонымен қатар қоғамдық ортаны көркейту, эстетикалық талғамды қалыптастыра отырып, жастарды өнерге, сұлулыққа және спортқа тарту.
Көше бойындағы қабырғаларға салынған тағылымды муралдар мен бейнелер ендігі кезде қала тұрғындарына жағымды көңіл-күй сыйлап, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақыратын үнсіз үгітшіге айналды. Есірткіге қарсы күрес — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір ата-ана мен қала тұрғынының ортақ ісі. Әрбір өшірілген жарнама мен оның орнына салынған сурет — бір жастың өмірін сақтап қалуға қосылған үлкен үлес. Есірткіге жол жоқ! Таза қала — ұлттың саулығы мен жарқын болашағының айқын кепілі.








