ADYM.KZ / Жаһандану мен цифрландыру дәуірінде жастардың діни сауаттылығын арттырып, олардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында елдегі тұрақтылықты, этносаралық және дінаралық келісімді сақтау мәселелеріне ұдайы назар аударып келеді. Президент зайырлы мемлекеттің негізгі құндылықтарын қорғау мен жастардың діни сауаттылығын арттыру ісін ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе ретінде қарастырып, ғаламтордағы күмәнді контенттерден қорғану үшін түсіндіру жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырған болатын.
Осы стратегиялық міндеттерді іске асыру мақсатында Шымкент медициналық колледжінде студент жастармен арнайы кездесу өтті. Шараның басты мақсаты — жастарды деструктивті діни ағымдардың ықпалынан қорғау, олардың діни танымын дұрыс қалыптастыру және интернет кеңістігіндегі түрлі мазмұндағы жарияланымдарға сыни көзқараспен қарауды үйрету. Оқу орнындағы жиынға Шымкент қаласы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Самат Уәлихан, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің эксперті Бектұрсын Омарбаев және Жастар ресурстық орталығының аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Нұржақсын Қармантай арнайы қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында мамандар әлеуметтік желілердегі діни уағыздар мен түрлі ақпараттарды қабылдау кезінде барынша сақтық таныту керектігін ескертті. Кез келген діни ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін тек ресми, сенімді әрі мемлекет тарапынан мақұлданған көздерге жүгінудің маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар, студенттерге күмәнді топтарға тіркелмеу, белгісіз уағызшылардың жетегінде кетпеу және діни фанатизмнің алдын алу жолдары туралы кеңінен мағлұмат берілді.
Жиын соңы ашық сұрақ-жауапқа ұласып, жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мамандар интернеттегі түрлі діни топтардың ақпараттық шабуылына қалай төтеп беруге болатыны туралы кәсіби тұрғыдағы кеңестерімен бөлісті. Жастардың діни және ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған мұндай танымдық кездесулер өскелең ұрпақтың санасын жаңғыртып, қоғам қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосады.








