ADYM.KZ / «Отбасы банкте» ипотекалық несие бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі небәрі 0,13%-ды құрайды. Бұл туралы банк басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
Оның сөзінше, бұл көрсеткіш екінші деңгейлі банктердегі орташа деңгейден айтарлықтай төмен. Қазіргі таңда коммерциялық банктерде мұндай проблемалық несиелердің үлесі орта есеппен 4,5–5%-ды құрайды.
Жансұлтан Матайдың айтуынша, төлем жасауда қиындыққа тап болған қарыз алушыларға банк бірден өндіріп алу шараларын қолданбайды. Әрбір жағдай жеке қаралып, алдымен несиені қайта құрылымдау немесе төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылады.
Сондай-ақ табысы уақытша азайған азаматтарға негізгі қарызды өтеуді алты айға дейін кейінге шегеру немесе несие мерзімін ұзарту арқылы ай сайынғы төлемді азайту тетіктері қарастырылған.
Банк өкілінің мәліметінше, кепілдегі тұрғын үйді сату немесе сот арқылы өндіріп алу мәселесі барлық мүмкіндік таусылған жағдайда ғана қаралады. Мұндай жағдайлар «Отбасы банк» тәжірибесінде өте сирек кездеседі.








