ADYM.KZ / К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Елігай» балалар хоры Қытайдың Гонконг және Шэньчжэнь қалаларында өткен II Халықаралық хор фестивалінде алтын жүлдеге ие болды.
Фестиваль қорытындысы бойынша қазақстандық ұжым «Хор ұжымы» аталымында ең жоғары ұпай жинап, Gold Award марапатын иеленді. Хордың көркемдік жетекшісі әрі дирижері – Әсем Есенова.
Байқау барысында жас өнерпаздар жоғары орындаушылық шеберлігімен және шығармаларды әсерлі жеткізуімен халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қатысушылардың өнерін Австралия, Италия, Германия, Беларусь, Қытай, Таиланд, Қазақстан және басқа да елдердің танымал дирижерлері, композиторлары мен педагогтерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.
II Халықаралық хор фестивалі 2026 жылғы 12–17 шілде аралығында өтті. Өнер додасына әлемнің оннан астам елінен келген хор ұжымдары мен музыка саласының мамандары қатысты.
Қазақстандық «Елігай» балалар хорының жеңісі елдің хор өнерінің халықаралық деңгейдегі жетістігін тағы бір мәрте дәлелдеді.







