ADYM.KZ / Қазақстанда шағын және микробизнес субъектілерін қолдау мақсатында 19 мың кәсіпкердің 9,3 млрд теңге көлеміндегі айыппұлы мен өсімпұлы есептен шығарылды.
Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, аталған шара кәсіпкерлік саласындағы талаптарды жеңілдетуге бағытталған «Таза парақ» бастамасы аясында жүзеге асырылған.
Сонымен қатар жыл басынан бері бұрын тіркеу есебінде болмаған 546 мыңға жуық жеке тұлға заңдастырылған.
— Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,9 миллионға жетті, — деді Ержан Біржанов.
Вице-министрдің мәліметінше, салық саласында да оң өзгерістер байқалады. Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер саны 22,3 мыңға артып, 158,2 мыңға жеткен.
Ержан Біржанов бұл көрсеткіштер салық реформаларының экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етіп отырғанын атап өтті.








