ADYM.KZ / Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында ел Президенті Ли Чжэ Мёңмен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу басында Мемлекет басшысы Ли Чжэ Мёңге Корея Республикасына сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейіне жоғары баға беріп, екі елді берік достық, өзара түсіністік және тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар біріктіретінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Корея арасында шешімін таппаған дау-дамай жоқ. Сондықтан тараптардың алдында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүмкіндік мол.
– Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналады. Халықтарымызды ертеден берік достық пен өзара түсіністік, тығыз мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас байланыстырады. Елдеріміздің арасында тек достық орнаған, ешқандай дау жоқ. Алдымыздағы мақсат – екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сапар аясында өткен бизнес-форумның нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанға және Кореяға тиесілі іскерлік топтар арасында бірқатар перспективалы жобалар талқыланған.
– Бүгін таңертең жақсы бизнес-форум өтті. Менімен бірге Кореяға үлкен бизнес делегация келді. Әртүрлі салада өте тартымды жобалар жүзеге асырылуда. Жоспарымыз да өте мықты, – деді Президент.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – жалпы құны 19 миллиард доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылуы.
Қасым-Жомарт Тоқаев корей инвесторларының Қазақстандағы жұмысына оң баға беріп, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, қонақ үй инфрақұрылымын дамыту, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы салаларында бірқатар ауқымды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Президент әсіресе Alatau City жобасына ерекше мән берілетінін айтты.
– Оның ішінде Alatau City жобасын одан әрі дамыту мәселесін жіті талқыладық. Бұл – шын мәнінде өте қажетті және маңызды жоба. Біз оған үлкен мән береміз. Қала мәртебесіне қатысты ережелерді Конституциямызға енгіздік. Заң тұрғысынан корейлік компанияларға барлық кепілдік беріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы корей диаспорасының елдер арасындағы достықты нығайтудағы рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда 120 мыңнан астам этникалық корей тұрады. Мемлекет басшысы олардың ел қоғамының белсенді мүшесі екенін атап өтті.
Кездесуде Қазақстандағы корей халқының тарихына қатысты маңызды тақырыптардың бірі – генерал Хон Бом Доның мұрасы да сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев генералдың тарихи тұлғасына жоғары баға беріп, оның есімін есте сақтау бағытында Қазақстан мен Корея арасында бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтты.
– Хон Бом Доның тарихымен жақсы таныспын. Ол – нағыз қаһарман, отансүйгіш тұлға. Оны жадымызда сақтау үшін өзара парасатты іс атқардық деп айтуға негіз бар. Бұл оқиғаға жүз жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, корей халқы өз генералын ұмытпағаны таңғаларлық жайт. Батырды есте қалдыру үшін оның сүйегін отанына қайтарып, азаматтық парызымызды орындадық, – деді Президент.
Өз кезегінде Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң Қазақстан Президентіне генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтаруға қатысты шешім қабылдағаны үшін алғыс айтты.
Ол генералдың Корея тарихындағы ерекше орнына тоқталып, қиын кезеңдерде халқына қорған болған тарихи тұлғаның мұрасын құрметтеудің маңызын атап өтті.
– Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ли Чжэ Мёң.
Корея Президенті Қазақстан халқының корейлерге көрсеткен тарихи қолдауын жоғары бағалады. Бұл ретте екі ел халықтарының арасындағы тарихи байланыстар қазіргі стратегиялық серіктестіктің маңызды негіздерінің бірі ретінде атап өтілді.
Келіссөз барысында Қазақстан мен Кореяның экономикалық ынтымақтастықпен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға мүдделі екені айтылды. Мемлекет басшысы бұл бағытқа алдағы кезеңде ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.
Тараптар екіжақты байланысты жүйелі түрде жалғастыруға және бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея Республикасының Президенттері екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және оны жаңа, нақты мазмұнмен толықтыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Сапар аясында жасалған 19 миллиард долларлық коммерциялық келісімдер экономикалық байланыстардың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік бермек. Атап айтқанда, инвестиция, өнеркәсіп, мұнай өңдеу, қонақ үй бизнесі және қала құрылысы салаларындағы жобалар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында болмақ.








