ADYM.KZ / Астананың Байқоңыр ауданында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өрт толық сөндірілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға орнында жұмыстарды үйлестіру үшін ТЖМ басшылығының жетекшілігімен жедел штаб құрылған. Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп, оған министрліктің күштері мен арнайы техникасы жұмылдырылды.
Өртті оқшаулау және қайта тұтану қаупін болдырмау мақсатында полигон аумағын инертті материалмен жабу бойынша инженерлік жұмыстар атқарылды. Бұл іске Астана қаласының әкімдігі де қатысып, инженерлік және құрылыс техникасын, сондай-ақ топырақты үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етті.
ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіру барысында полигонға шамамен 15 мың тонна инертті материал жеткізіліп, пайдаланылған. Соның нәтижесінде жану ошақтары оқшауланып, өрттің қайта таралуына жол берілмеді.
ТЖМ бөлімшелері мен Астана қаласы әкімдігінің бірлескен жұмысының арқасында жалпы аумағы 3 гектарды шарпыған өрт толықтай сөндірілді.








