ADYM.KZ / 12 шілдеде футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының соңғы ширек финалдық кездесулері өтеді. Осы ойындардың нәтижесінде турнирдің жартылай финалына шығатын барлық құрамалар белгілі болады.
Қазақстан уақытымен сағат 02:00-де АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами-Гарденс қаласындағы «Хард Рок» стадионында Норвегия мен Англия құрамалары кездеседі. Матчтың тікелей көрсетілімі Qazsport телеарнасынан ұсынылады.
Ал 06:00-де қазіргі әлем чемпионы Аргентина құрамасы Швейцариямен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Кездесу АҚШ-тың Миссури штатындағы Канзас-Сити қаласындағы «Арроухед» стадионында өтеді. Ойынды Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.
Еске салайық, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалдық кездесуі 19 шілдеде АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласында ұйымдастырылады.
Бұған дейін Франция мен Испания құрамалары жартылай финалға жолдама алып қойған болатын.








