ADYM.KZ / Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан әлем кубогында 17 маусым күні Қазақстан құрамасының үш өкілі шаршы алаңға шығады.
Жарыстың екінші күнінде ел намысын Серік Теміржанов, Абылайхан Жүсіпов және Сабыржан Аққалықов қорғайды. Барлық жекпе-жектер 1/8 финал аясында өтеді.
Күндізгі сессияда (Қазақстан уақытымен 09:00) 60 келі салмақтағы Серік Теміржанов америкалық Салим Эллис Беймен кездеседі. Ал 70 келіде Абылайхан Жүсіпов бразилиялық Кайан Рейеске қарсы рингке шығады.
Кешкі сессияда (15:30) 80 келі салмақта өнер көрсететін Сабыржан Аққалықов өзбекстандық әлем чемпионы Жавохир Умматалиевпен қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, 16 маусымда Қазақстан құрамасының алты боксшысы жарыс жолына шыққан болатын. Олардың төртеуі келесі кезеңге жолдама алса, екеуі турнирдегі өнерін аяқтады.
Еске салсақ, Қазақстан құрамасы сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен әлем кубогының кезеңін табысты аяқтап, жалпы есепте үздік үштіктен көрінді. Қазақстандық боксшылар аталған турнирде үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алған еді.
Бокстан әлем кубогының финалдық кезеңі қараша айында Өзбекстанда өтеді. Алайда жарыстың нақты мерзімі мен қабылдайтын қаласы әзірге жарияланбады.








