ADYM.KZ / Бейжіңде өткен келіссөздер аясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қытайдың көлік және инфрақұрылым саласындағы ірі компанияларының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге China Civil Engineering Construction Corporation (CCECC), China Railway Rolling Stock Corporation (CRRC) және басқа да жетекші кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Тараптар Алматы қаласында заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде жеңіл рельсті көлік (LRT), SkyTrain жүйесін енгізу және метро желісін кеңейту мәселелерін талқылады.
Келіссөздер нәтижесінде Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы, CRRC компаниясы және Integra Construction KZ арасында LRT жобасын жүзеге асыру және жылжымалы құрамды жеткізу жөнінде меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар қытайлық компаниялар консорциумы мен Integra Construction KZ арасында SkyTrain желісін жобалау және салу туралы келісім жасалды.
Дархан Сатыбалды ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын атап өтті.
Жобаларды іске асыру Алматыдағы көлік жүйесін жаңғыртуға, жол қозғалысы жүктемесін азайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қалалық мобильділікті арттыруға мүмкіндік береді.








