ADYM.KZ / Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу және киберқауіпсіздікті күшейту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының прокуроры Азат Тастанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, киберқылмыспен күрестің тиімділігін арттыру үшін АНТИФРОД жүйесі енгізілген. Бұл жүйе банктер мен қаржы ұйымдарына күмәнді операцияларды анықтап, азаматтардың қаражатын қорғауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері елордада АНТИФРОД жүйесі арқылы қылмыстық схемалармен байланысты болуы мүмкін 19 600-ден астам шот бұғатталған.
Прокурор қазіргі таңда алаяқтар жасанды интеллект технологияларын белсенді қолданып жатқанын атап өтті. Олар бейнеқоңырау арқылы жалған бейне жасау, дауыс синтездеу және фейк аккаунттар арқылы азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануда. Негізгі мақсат – жеке деректерді, банк карталарының мәліметтерін және SMS-кодтарды иемдену.
Мұндай жағдайлардың бірі Астанада тіркелген. Белгісіз тұлғалар WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар азаматты депозит қаражатын «қауіпсіз шотқа аудару» үшін шешіп алып, курьер арқылы беруге көндірген.
Киберқауіпсіздік мамандары мұндай алаяқтық әрекеттерден қорғану үшін бірқатар сақтық шараларын ұсынады. Атап айтқанда, аппараттық қауіпсіздік кілттерін (USB немесе NFC) қолдану, құпиясөздің орнына Passkeys технологиясын пайдалану, жақындармен алдын ала құпия код сөзін келісу, барлық аккаунттарды бір ғана электрондық поштаға байламау және интернеттегі жеке ақпарат көлемін шектеу қажет.
Мамандардың айтуынша, ең басты қорғаныс – азаматтардың қырағылығы. Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, ешкімге банк деректерін немесе растау кодтарын бермеу және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру ұсынылады.








