ADYM.KZ / Жастардың діни сауаттылығын арттыру, ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және интернет кеңістігіндегі теріс діни ықпалдың алдын алу мақсатында Шымкент қаласында жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта қала Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ Орта Азиялық жоғары медициналық колледжінде «Ғаламтор – діни ұстаз емес» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуін ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға интернеттегі діни ақпаратты дұрыс бағалауды үйрету, жалған мәліметтер мен күмәнді ақпарат көздерінен сақтандыру, діни экстремизмнің алдын алу және этносаралық татулық пен қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеу.
Кездесуге Этносаралық қатынастарды талдау және ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің сарапшысы Бесбаева Маржан Әлібайқызы және Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Сейтхан Сымбат Ержанқызы қатысты.
Кездесу барысында мамандар қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформаларында діни мазмұндағы ақпараттардың көп таралатынына назар аударды. Олардың арасында шынайы дерекке негізделмеген, діни ұғымдарды бұрмалап түсіндіретін және жастардың санасына теріс әсер етуі мүмкін материалдардың кездесетіні айтылды.
Осыған байланысты қатысушыларға әлеуметтік желілердегі күмәнді діни ақпараттарды ажырату, ақпараттың дереккөзі мен авторын тексеру, сенімді мамандардың пікіріне сүйену және діни мәселелер бойынша білікті теологтерден кеңес алу қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ деструктивті діни ағымдардың жастарды өз қатарына тарту тәсілдері мен олардың ықтимал зардаптары туралы ақпарат берілді.
Бұдан бөлек, қоғамдағы этносаралық татулық пен өзара құрметтің маңызы қозғалды. Мамандар түрлі этнос пен дін өкілдерінің арасындағы сыйластықты сақтау, өзге көзқарастарға құрметпен қарау және қоғамдық келісімді нығайту әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
Кездесу жастардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруге және өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай түсіндіру жұмыстары жас буынның ақпараттық және діни сауаттылығын арттырып, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерге саналы түрде қарсы тұруына көмектеседі.
Жалпы, «Ғаламтор – діни ұстаз емес» тақырыбындағы кездесу жастарды ақпаратты талғаммен қабылдауға, діни мәселелерде тексерілген дереккөздерге сүйенуге және қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтауға үндеді.








