ADYM.KZ / Шымкентте айтыскер ақын Нұрлан Есенқұловтың «Шабыт шалқығанда» атты кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға ақынның жылдар бойы жинақталған шығармашылық мұрасы таныстырылды. Жаңа жинақта әр жылдары өткен айтыстарда айтылған жырлар мен елдік мәселелерге арналған толғамдар топтастырылған.
Қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында өткен әдеби-мәдени кешке қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, филология ғылымдарының докторы, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, жазушы Момбек Әбдіәкімұлы, ақын Құрбанәлі Кенжебаев, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер мен өнер иелері қатысты.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ақынды кітабының жарық көруімен құттықтап, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің арнайы құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда Нұрлан Есенқұловтың ұлттық өнерді дамытуға қосып жүрген үлесі мен шығармашылығының маңызы атап өтілді. Сондай-ақ ақынның айтыс өнеріндегі өзіндік қолтаңбасы мен сөз өнеріне деген адалдығына назар аударылды.
Ақынның қуанышына ортақтасып, арнайы келген айтыскер ақын Серік Қалиев Нұрлан Есенқұловтың өнердегі жолына тоқталды. Ол ақынның суырыпсалмалық қабілеті мен айтыстағы шеберлігін жоғары бағалап, ізгі тілегін жеткізді. Інісіне құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Кітап авторы Нұрлан Есенқұлов жинаққа әр жылдары өткен 23 айтыстағы жырлары енгенін айтты. Оның сөзінше, кітапта елдік мәселелер, қоғамдағы өзекті тақырыптар мен ұлы тұлғаларға арналған толғамдар қамтылған. Әсіресе айтыскер ақын Ринат Зайытовпен өткен сөз додасының шығармашылық жолында алар орны ерекше екенін атап өтті.
– Бұл – жылдар бойы жинақталған еңбегімнің нәтижесі. Мен үшін айтыскер ақын Ринат Зайытовпен болған сөз додасының орны ерекше. Осы айтыста халықтың ықыласына бөленіп, көпшілікке танылдым. Жалпы, айтыс – жай ғана екі ақынның сөз жарыстыруы емес, онда елдің жоғын жоқтап, халықтың көкейіндегі мәселелерді қозғайсың. Сондықтан жинақты қолға алған оқырман қазақтың төл өнерінің ерекшелігін танып, айтыста есімі аталған тұлғалар туралы айтылған сөздерді де біле жүрсе, мақсатымның орындалғаны, – деді ақын.
Әдеби кеш барысында Нұрлан Есенқұловтың шығармашылығы туралы пікірлер айтылып, ақынға арналған арнау жырлар оқылды. Кездесу әсем әндермен жалғасты. Кітаптың жарық көруі ақынның шығармашылық еңбегін жинақтап, айтыс өнерінің мазмұны мен маңызын оқырманға кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.








