ADYM.KZ / Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту жұмысы қарқынды жүргізілуде. Қалада тұрғын үйге деген сұранысты азайту және әлеуметтік санаттағы азаматтардың баспана алу мүмкіндігін арттыру бағытында бірқатар шара жүзеге асырылып жатыр. Биыл шаһарда 9 634 пәтерді пайдалануға беру және тұрғындарға үлестіру жоспарланған. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Жоспарланған пәтерлердің 4 646-сы жалдамалы тұрғын үй болса, 4 988-і несиелік бағытқа тиесілі. Осылайша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана алудың екі түрлі мүмкіндігі ұсынылып отыр. Жыл басынан бері бұл бағытта нақты нәтижелер бар. Бүгінге дейін 4 144 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 2 386 отбасы несиелік тұрғын үймен, 1 758 отбасы жалдамалы пәтермен қамтылды.
Несиелік тұрғын үй алғандардың қатарында 1 035 көпбалалы отбасы, 120 жетім бала, әлеуметтік осал топтағы 647 азамат және бюджеттік мекемелердің 584 қызметкері бар. Ал жалдамалы баспана 78 көпбалалы отбасына, 317 жетім балаға және әлеуметтік осал санаттағы 1 363 азаматқа берілді. Бұл көрсеткіштер баспана бөлу кезінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға басымдық беріліп отырғанын көрсетеді.
Биыл ақпан айынан бастап пәтер кілттерін табыстау рәсімі қала әкімінің қатысуымен апта сайын ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында әр апта сайын орта есеппен 80–100 отбасы жаңа баспанаға қоныстануда. Мұндай жүйелі жұмыс тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана алу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар жаңа үйге ие болған отбасылар үшін бұл – тұрмыс сапасын жақсартуға және тұрақты өмір сүру жағдайын қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.
Жаңа тұрғын үйлер негізінен Бозарық, Асар-2 және Тұран шағынаудандарында шоғырланған. Аталған аумақтарда тұрғын үй құрылысымен қатар, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің сапасы мен қауіпсіздігі, аулалардың абаттандырылуы, ортақ пайдаланылатын аумақтардың жайлылығы және тұрғындардың күнделікті қажеттіліктеріне қолайлы жағдай жасау мәселелері назарға алынған.
Жалпы, қалада тұрғын үй құрылысы мен баспананы үлестіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл ретте жалдамалы және несиелік тұрғын үй бағыттарының қамтылуы азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарай баспана алуына мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін жоспарланған 9 634 пәтерді пайдалануға беру және үлестіру жұмыстары толық орындалса, Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге және қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға елеулі үлес қосады.








