ADYM.KZ / «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласында жастардың діни сауаттылығын арттыру, олардың бойында дұрыс дүниетаным қалыптастыру және жат діни ағымдардың ықпалына қарсы иммунитетін нығайту мақсатында «Жол» тәрбиелік сериалының ашық көрсетілімі өтті.
Сериал Шымкент қаласы Дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде түсірілген. Жобаның негізгі мақсаты – жастарға діни мәселелерде саналы шешім қабылдаудың маңызын түсіндіру, теріс діни ағымдардың ықтимал зардаптарын көрсету және олардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Көрсетілімге Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Әбдез Иманқұлов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері, дін қызметкерлері және қала жастары қатысты.
Шара барысында сериалдың мазмұны мен көтерген мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар діни сауаттылық, өмірлік таңдау, жеке жауапкершілік, сондай-ақ жат діни ағымдардың жастарға ықпалы туралы пікір алмасты. Әсіресе, түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді саралай білу, күмәнді діни уағыздар мен үндеулерге сын көзбен қарау мәселелеріне назар аударылды.
Кездесуге қатысқан мамандар жастардың діни білімді сенімді дереккөздерден алуы, кез келген ақпаратты саралап, оның мазмұны мен мақсатына мән беруі қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар діни мәселелерде асығыс шешім қабылдамай, білікті мамандардан кеңес алудың маңызы түсіндірілді.
Ашық көрсетілімнен кейін жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарымен пікір алмасты. Мұндай форматтағы кездесулер күрделі тақырыптарды ашық талқылауға, жастардың көзқарасын қалыптастыруға және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты түсінігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жастар арасында діни және құқықтық сауаттылықты арттыру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу – жат діни ағымдардың ықпалының алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Осындай тәрбиелік жобалар жас буынның сыни ойлау қабілетін дамытып, саналы таңдау жасауына және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосады.








